АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН ГАЗДАНДЫРУ БОЙЫНША ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ?

Уақыты: 26.08.2022
Оқылды: 2140
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы қаласында облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде Алматы облысын газдандыру бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды.

Комиссия отырысында Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлен Жолдахметов, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Алимжан Хусуровтың баяндамалары тыңдалды. Белгілі болғандай, «Байсерке-Қапшағай» магистралды газ құбырының жобалық құны 4,5 млрд.теңгені құрайды. Қазіргі уақытта «Байсерке» АГТС-нан Қапшағай қаласының АГТС-на дейінгі жұмыстар өндірісінің жобасы мен кестесіне сәйкес магистральдық құбырдың құрылысы 100 пайызға аяқталған.

Талғар ауданы бойынша 48 елді мекен бар, оның ішінде, 29 елді мекен газдандырылған. Газдандыру деңгейі 60,4 пайызды құрайды. Ауданда 18 елді мекен газдандырылмаған. Оның ішінде биыл 3 елді мекен бойынша газдандыру жұмыстары басталған.

Бүгінгі күні Ұйғыр ауданында 2100 жеке тұрғын үй және 20-дан астам заңды тұлғалар табиғи газға қосылды. Ендігі кезекте Шарын, Тасқарасу және Бахар ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттарын даярлау жұмыстары қолға алынған.

Газ мәселесі бойынша, сондай-ақ, Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшылары өз ойларымен бөлісті.

Айта кетерлік жайт, биылғы 18 тамызда облыстық мәслихаттың депутаттары Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарында болып, газдандыру мәселесіне қатысты мониторинг жұмыстарын жүргізді. Мониторинг жұмысының мақсаты – қазіргі таңда аудан, қалаларда газ құбырын тарту барысында бағаны тұрақтандыру. Ұйғыр ауданында газ құбырын тарту бағасы 450 мың теңге болса, Еңбекшіқазақ ауданында 350 мың теңгені құрайды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды