ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНАН ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ АШЫЛМАҚ

Уақыты: 28.09.2022
Оқылды: 1934
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Алматы тұрмыстық техника зауыты» ЖШС компаниясының өкілдерін Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ қабылдап, облыс орталығы Қонаев қаласын жан-жақты дамыту бойынша барлық шара қабылданып жатқанын, осы орайда отандық өнім өндірушілерге ерекше маңыз беріліп отырғанын атап өтті.

Компания өкілдері өздерінің инвестициялық жобасымен таныстырды. Қазіргі таңда Қарасай ауданының Жармұхамбет ауылында компанияға тиесілі 6 гектар жер телімі мен өндіріс ошағы бар. Газ және электр плиталарын шығаратын зауытта 200 адам жұмыспен қамтылған. Ендігі ретте Қонаев қаласынан жер телімі берілсе, жаңа кәсіп ашпақ. Жоба бойынша теледидар, тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтар, кір жуғыш машина, сорғыш, шағын пеш пен пештерді құрастыру өндірісі құрылмақ.

Цехтың жоспарлаған өндірістік қуаты жылына 1 миллион бірлік техниканы құрайды. Жобаның құны 24 млрд.теңгеден астам, 1200 жұмыс орнын құру көзделген. Сондай-ақ, компания өндіріс үшін жабдықтар мен жинақтауыштарды жеткізуді жүзеге асыру үшін ынтымақтастық жөніндегі компаниялармен келіссөз жүргізуде. Алдағы жылдарда өнімдерін көрші елдерге де шығаруды мақсат тұтып отыр.

– Сіздермен кездескенімізге өте қуаныштымыз. Бұл өңір инвестиция тарту орталығы болып табылады. Осы орайда, сіздердің тараптарыңыздан  қолдау мен ынтымақтастыққа үміттенеміз, – деді компанияның бас директоры Абдулқасым Сойырқас.

Кездесуді қорытындылаған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаны толықтай қолдайтынын айтып, өндірісті өркендетуге қай жер тиімді екенін зерделеуді тапсырды. Осы орайда өз ұсыныстарын да жеткізді. Жоба жүзеге асып жатса Алматы облысында тұрмыстық техника зауыты ашылмақ.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы