ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНА МИНИСТР КЕЛІП, ШАРУАЛАРДЫҢ ҰСЫНЫС-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 07.10.2022
Оқылды: 2150
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгін Жетісу облысына жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев келді. Сапар барысында министр өңірдегі бірқатар егіншілікпен және мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жұмысымен танысып, Көксу қант зауытында болды. Сол сияқты Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен бірге өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесіп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Балпық би кентіндегі Мәдениет үйінде өткен кездесу барысында Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет пен министрлік қабылдаған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бірқатар жүйелі және дағдарысқа қарсы жедел шаралар туралы баяндап берді. Оның айтуынша, Жетісу аймағының агроөнеркәсіптік кешенінде 2025 жылға дейін 31,9 млрд.теңге сомасына 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығында қолға алынады. Бүгінгі таңда «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде, сондай-ақ «Аграрлық несиелік корпорациясы» өз қаражаты есебінен 115,9 млрд.теңге сомасына 3 916 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландырған, соның ішінде Жетісу және Алматы облыстары бойынша 1,4 млрд. теңге сомасына 100 шаруашылық қаржыландырылды. Биыл егіс шығымы жақсы, алдағы бір аптада егіс жинау науқаны аяқталады деп күтілуде. Осы жылы күзгі-дала жұмыстарын жүргізуге шамамен 423,4 мың тонна дизель отыны бөлінді, оның бағасы нарықтағыдан 15%-20%-ға арзан, оның ішінде Жетісу облысына шамамен 6,8 мың тонна берілді.

- Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында қазіргі уақытта республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджет қаражатының қосымша бөлінуін ескере отырып, субсидиялаудың жалпы көлемі 451 млрд. теңгеден асады, бұл 2021 жылғы деңгейден 20%-ға артық. Бұдан бөлек, 2021 жылғы құрғақшылық қайталанған жағдайда мал мен құс басының сақталуын қамтамасыз ететін 279 мың тонна көлемінде астық-жем қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20,0 млрд.теңге бөлінді, - деп атап өтті Е.Қарашөкеев. Сонымен қатар, министр биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидалары бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті. Ал субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімі 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылған. Қазіргі уақытта оның жаңа қағидаларының жобасы әзірленіп, жұмыс тобы аясында талқыланып жатыр.

Кездесу барысында шаруалар өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, Көксу ауданындағы «Кең Дала» шаруашылығының жетекшісі Қалибек Алпысбаев:

«Келесі жылы қант қызылшасының егістік көлемін ұлғайтамыз деп отырмыз. Егістік көлемімен бірге өнімділікті де көтеруіміз керек. Ол үшін біз келесі жылғы егіске биылдан бастап дайындалуға тиіспіз. Аммофос туралы айтсақ, ол жер жыртардың алдында әр гектарға 300-500 келіге дейінгі көлемде қажет. Қазір аммофостың 1 тоннасының бағасы 204 мың теңге. Ал біздегі шаруашылықтардың көбі - ұсақ шаруа қожалықтары. Бүгін соясын шауып, соның табысымен қант қызылшасын жинап жатыр. Ол қант қызылшасының ақшасын зауыттан алып болғанша ертең тоң түсіп кетеді. «ҚазАзот» компаниясының осыдан екі-үш жыл бұрын азотты 50%-ін субсидиялау жеңілдігімен беретін тәжірибесі болған. Сол сияқты «Қазфосфат» та осы тәжірибені пайдаланып, жеңілдік жасаса жақсы болар еді», - деді.

Осы сауалға байланысты министр «Қазфосфаттың» мұндай жұмыс тәсілін әзірге қолайлы көрмей отырғанына тоқталды. «Жуырда тыңайтқыш зауыттарының басшыларын жинап, сөйлесуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, индустрия министрлігіне ұсыныс дайындадық, Қазақстанда өндірілген тыңайтқыштарға квота қою керек, яғни кем дегенде өнімінің 50%-ы елдің ішкі нарығында қалсын деген ұсыныс білдірдік. Сол сияқты тыңайтқыштың бағасын реттеу мәселесі де қарастырылуда»,- деді Е.Қарашөкеев.

Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» шаруашылығының басшысы Алдан Бекиев қант қызылшасын өсірушілерге техника жетіспейтінін, соған қажетті техниканың 50%-ын мемлекет арқылы субсидиялап берсе деген тілегін жеткізді.

Бұл ретте министр комбайн сатып алуға 50% субсидия төленетінін, оған биыл ботворез бен қызылша сепкішті қосу қарастырылып жатқанын айтты. Министр басқа ауыл шаруашылығы техникалары 25% субсидияланатынын айтты.

Жиында шаруалар сонымен бірге Көксу қант зауытының қызылша төгетін алаңын әлі де кеңейту, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, азот тыңайтқыштарын қолдану нормативтерін ұлғайту, мал дәрігерлерінің жалақысын көтеру сияқты көптеген ұсыныс-тілектерін білдірді. Сауалдардың барлығына толыққанды жауаптар берілді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарлары өңірге бірнеше рет келіп, өзекті мәселелердің жай-жапсарымен танысып, проблемаларды бірге талқылағандарына тоқталды.

- Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған дейін біздің қант қызылшасының субсидиясын өсіру туралы ұсыныстарымызды зерделеп, қарап, осы өтінішіміздің іске асырылуына зор қолдау көрсетті. Қызылшаның әр тоннасына берілетін субсидия зауыттың төлемімен қоса алғанда 40 мың теңгеге көтерілетін болады. Бүгінгі күні орта, шағын шаруашылықтар үшін субсидияны қолжетімді ету механизмдері қарастырылып жатыр. Расында, үкіметтен тиісті көмек-қолдаулар арта түсетін болса, біздің жетісулық шаруашылықтар өнімді еңбек ететініне, жақсы нәтиже көрсететініне сенімдімін. Бүгінгі кездесу ашық, еркін форматта өтті. Әрбір шаруаның үнін естідік, тілегін тыңдадық. Мұның бәрі тиісті деңгейде қарастырылып, тиімді қорытынды жасалады деп ойлаймын, - деді Б.Исабаев.

Жалпы облыста 2026 жылға дейін 28 млрд.теңгеден астам сомаға 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында 25 млрд.теңге бөлініп отыр, соның 92 пайызы - қайтарымсыз субсидиялар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"