КӨКСУДАҒЫ АУЫЛДАР ШЕТІНЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛЫП ЖАТЫР - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 14.10.2022
Оқылды: 2474
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көксу ауданына қарасты Бесқайнар ауылының тұрғындары табиғи газға қосылды. Жергілікті халық осындай тарихи сәттің куәсі болды. Шараға аудан әкімі Марлен Көлбаев қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

Бесқайнар ауылында 152 түтін бар. Бұл Көксу ауданы бойынша көгілдір отынға қосылып жатқан төртінші ауыл. 18 қазан күні тағы 3 ауыл (Жамбыл, Мәмбет, Амангелді) газбен қамтылмақ. Жыл соңына дейін тағы 4 ауылға газ тартылса, 12 ауылдың жобалық-сметалық құжаттары дайын болады. Келесі жылы тағы 12 ауылға газ тартылмақ. Осылайша аудандағы барлық ауылды газдандыруды жоспарлап отырмыз, – дей келе салтанатты шараға жиналған көпшілікке ақжарма ниетін білдірді.

Өз кезегінде сөз алған Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ернат Бәзіл – Қарапайым халыққа ең алдымен жылу, таза су керек. Осыған орай өңірге газ тартылды. Жетісу өз алдына облыс болғаннан кейін облыс әкімінің тапсырмасымен қанша ауылға газ тарту керектігін тексердік. Нәтижесінде 192 ауыл газға қосылу керектігі анықталды. Биыл бізде 22 жоба басталды. Оны келесі жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. 28 жобаның сметалық-құжаттары дайын, – деген басқарма басшысы 2025 жылға дейін Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Ескелді аудандары мен Текелі және Талдықорған қаласы толықтай көгілдір отынмен қамтылатынын айтты.

Жиын барысында ақжаулықты әжелер ауылға келген газды жағып, шашу шашты. Ауылдың құрметті ақсақалы Болат Хисметов батасын беріп, жылы лебізін білдірді.

Газды үйіне алғашқылардың бірі болып, Бибігүл Көбегенова қосты. Көпбалалы отбасына газ мемлекет тарапынан тегін қосылды.

«Осы үйде 1978 жылдан бері тұрамыз. Күйеуімнің қайтыс болғанына 22 жыл болды. 10 жылдан кейін үлкен қызым өмірден өтіп, артында үш бала қалды. Отбасымызда 2 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Жалпы 11 адам тұрамыз. Бұрын біз көмір тасып, ағаш кесетінбіз», – деп көмек қолын созып, көгілдір отынды үйіне кіргізіп берген облыс, аудан басшылығана алғысын жаудырды.

Айта кетейік, ауданда газға қосылу жұмыстарының құны 170 мың теңге. Сондай-ақ, «Жетісуоблгаз» ЖШС-нен материалдар мен газ қазандығын 10 айға дейін бөліп төлеу және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін «BSP GROUP LTD» ЖШС-нен 20%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Газға қосуды «ST LTD», «ST GAZ», «CК МУСЛИМ», «АЯКС-78» және «СҰҢҚАР-2002» ЖШС-тері жүргізеді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Көксу ауданы,

Жетісу облысы