ЗЕЙНЕТАҚЫҒА ҚАТЫСТЫ ҚЫЗМЕТТІҢ 92 ПАЙЫЗЫ ОНЛАЙН КӨРСЕТІЛЕДІ

Уақыты: 23.10.2022
Оқылды: 858
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биылғы жылдың тоғыз айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар мен алушыларға 22,3 миллионнан астам қызмет көрсетті. Оның ішінде 15,2 млн-нан астам операция электрондық форматта, шамамен 5,5 млн-ы автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, қазақстандықтар зейнетақы қызметтерінің шамамен 92,5% қашықтан алды.

БЖЗҚ салымшылары екі-үш батырманы басып-ақ жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме, ЖЗШ-ның бар-жоғы туралы анықтама алып, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналары бойынша өтініш беріп, төлемге өтініштің мәртебесін қадағалап және т.б. қызмет түрлерін ала алады. Салымшылар үшін ең танымал қызмет – жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша салымшылар онлайн форматта 15 миллионнан астам үзінді көшірме алды.

Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарын автоматты түрде ашу – өтінішсіз қызмет көрсету форматында жүзеге асырылады. Естеріңізге сала кетейік, жеке тұлғаның БЖЗҚ-да ашылған ЖЗШ болмаған жағдайда, ол алғашқы жарна түскенде БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлға МЗЖ, МКЗЖ немесе ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер арқылы сәйкестендіріледі. Салымшының қолданыстағы құжатының деректемелері мен тұрғылықты жері туралы барлық қажетті мәліметті БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады. Осылайша, Қор салымшыларына шамамен 5,5 миллион қызмет автоматты түрде көрсетілді.

Кейбір қызметтерді алу үшін (мысалы, мұрагерлік бойынша немесе тұрақты тұруға шетелге кетуге байланысты зейнетақы төлемдерін рәсімдеу) құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну қажет, оны пошта арқылы немесе жеке өзі не БЖЗҚ кеңсесінде сенім білдірілген адам арқылы ұсынуға болады. Сонымен қатар, Қор мамандарына көзбе-көз жүгінуді әлі күнге дейін жөн көретін салымшылар да бар. Сондықтан жыл басынан бері БЖЗҚ бөлімшелері арқылы Қазақстан бойынша салымшылар мен алушыларға дәстүрлі түрде 1 миллионнан аса қызмет көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, Қордың жақын жердегі бөлімшесін enpf.kz сайты немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасы арқылы оңай табуға болады.

Көшпелі қызмет көрсету барысында шамамен 56,5 мың операция жүргізілді. Қордың мұндай қызмет көрсету түрі, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын (мерзімсіз мүгедектігі бар 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер) салымшыларға (алушылар) арналған.

«БЖЗҚ» АҚ мен «Қазпошта» АҚ-ның шалғайдағы елді мекендерде ұлттық пошта операторының бөлімшелерінде Қор салымшыларына зейнетақы қызметтерін ұсыну жөніндегі бірлескен жобасы аясында 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 347 пошта бөлімшесінде 7,5 мыңнан астам қызмет көрсетілді.

БЖЗҚ сапалы кеңес беру қызметтерін ұсынуға және Қор салымшылары мен алушылары үшін ақпараттық арналарды дамытуға ерекше көңіл бөледі. 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша салымшылар мен алушылардан түрлі байланыс арналары арқылы түскен 612,2 мыңнан астам өтініш өңделді. 

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ салымшылары мен алушылары байланыс орталығына 1418 нөмірі бойынша (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) хабарласып, сондай-ақ, enpf.kz корпоративтік сайты, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber мессенджерлеріндегі чат-бот арқылы, БЖЗҚ-ның Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында кеңес ала алады.

БЖЗҚ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ