ҚЫРҒЫЗ МИНИСТРІ КЕГЕН АУДАНЫНА КЕЛІП, АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ СИЫРЛАРДЫ КӨРДІ

Уақыты: 29.10.2022
Оқылды: 1226
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қырғызстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Асқарбек Жәнібеков жұмыс сапарымен Алматы облысына келді.

Қадірменді қонақ алдымен Тасашы ауылдық округіне қарасты «Казмясо» ЖШС-нде болды. Қадірменді қонақпен облыс әкімінің орынбасары Рауан Рақымбеков, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Құдабаев, Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов бірге жүрді.

Серіктестік басшысы Төлеген Бозжанов ет бағытындағы асыл тұқымды Абердин Ангус ірі қараларын өсірудегі жұмыстарын таныстырды. Респубикамызда ет өндіруде өзіндік орны, ауқымды істері бар «Казмясо» ЖШС-нің Тасашы ауылдық округіне қарасты Ақтасты өңірінде заманауи мал қоралары бар. Жылы да жайлы мекенжайда 5000 бас ет бағытындағы асыл тұқымды Абердин Ангус бағылып, өсірілуде. Оның ішінде, 2500 бас аналық сиыр. Биыл аналық сиырлардан 1200 бас бұзау алынған.

Мұнда бағылып, өсірілген іріқаралар Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қырбалтабай ауылдық өңіріндегі мал бордақылау алаңында бордақыланып, сойылып, ет өңдейтін комбинаттарына жіберіледі. Сол арқылы сапалы, семіз еттен жасалған шұжық, фарш, өзге де дайын ет өнімдері сұраныс иелерінің қолына тиеді.

Аталған құрылым биыл мал азығының берік қорын жасады. Сұлы шөбінен 35 тонна, көп жылдық шөптен 5 мың тонна мал азығы дайындалған. Тайланған, арнайы орынға тапталып, дайындалып қойылған сүрлем де жеткілікті. Мал азығын дайындауға арналған шөп шабатын комбайын, трактор, шөп тайлағыш, тасымалдайтын жүк көліктері бәрі жеткілікті.

Серіктестіктің Тасашы ауылдық округінің аумағында 4273 гектар егістік, 920 гектар шабындық, 11082 гектар жайылымдық жерлері бар. Аталған жерлер тиімді пайдаланылып келеді. Мұнда 70 адам еңбекпен қамтылған. Олардың орташа айлық еңбекақылары 150 мың теңгені құрайды. Мамандардың, жұмысшылардың, механизаторлардың жағдайлары жақсы.

Қырғызстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Асқарбек Жәнібеков «Казмясо» ЖШС-нің Ақтасты өңіріндегі 5 мың басқа арналып жасалған заманауи мал қораларын көрді. Мал емдейтін орындарының жұмысымен танысты.

Серіктестіктің ғимаратында өткен басқосуда құрылым басшысы Төлеген Бозжанов ет бағытындағы асыл тұқымды Абердин Ангус іріқарасын өсірудегі, оны бордақылаудағы барлық жұмыстарын, дайын ет өнімдеріне айналғанға дейінгі игілікті шаруаларын егжей-тегжейлі айтып, көрсетіп берді. Келген қонақтар серіктестік еңбеккерлерінің жұмыстарына риза болып, алдағы істеріне сәттілік тілеп аттанды.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы,

Алматы облысы