АҚСУДА ӨНІМДІЛІК ТӨМЕН. ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫНАН ТҮСІМ АЗ. ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ІССАПАРЫ

Уақыты: 31.10.2022
Оқылды: 1243
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданында тұрғындармен кездесіп, өңірдің жетістіктерімен қатар, кемшін тұстарын да атап көрсетті. Халыққа құлақ түріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Жауапты мамандарға нақты тапсырма беріп, нәтижесін қатаң бақылайтынын баса айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысындағы жұмыс сапарында көтерілген маңызды жайттарды сөз еткен Бейбіт Өксікбайұлы Ақсу ауданына қатысты берілген тапсырмаға ерекше тоқталды. Соның бірі – қант тапшылығын жою еске салды.

– Ақсу қант зауытына 12 млрд. теңге бюджеттік инвестициялар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілгеніне қарамастан, кәсіпорын тоқтап тұр. Соның кесірінен жазда қант тапшылығы орын алып, бағасы күрт өсті. Сарқан, Ақсу аудандарында қант қызылшасын өсірген фермерлер оны 150 шақырым жердегі Көксу қант зауытына тасымалдауға мәжбүр. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы қысқа мерзімде зауытты іске қосуды, жаңа инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды, – деді облыс әкімі. Сонда ғана аймақтағы екі қант зауытының жүктемесін қамтамасыз етіп, шығарылатын ақ қант көлемі 2026 жылға дейін 180 мың тоннаға дейін жетпек. Алайда Ақсу ауданында биыл қызылша 565 гектарға себіліп, оның 500 гектары жиналған. Өнімділік тым төмен.

Зауытқа небәрі 4,1 мың тонна қызылша өткізіліпті. Аудан әкімдігі бұл мәселені түбегейлі зерделеп, кемшіліктердің қайталанбауы үшін келесі жылы қант қызылшасы алқаптарын ұлғайтып, технология талаптарын сақтап, гектар өнімділігін арттыруға қатысты нақты жоспар жасауы тиіс. Қазір отандық агросекторға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, қант қызылшасын сатып алу бағасы артты. Келесі жылы тәтті түбірдің тоннасы үшін 40 мың теңге төленді.

Аймақ экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып жатқан Ақсу ауданы ауыл шаруашылығы бағытында, ірі қара, қой мен ешкі басы бойынша облыста 1-ші, картоп егістігі бойынша 2-ші, ал майлы дақылдар бойынша 3-орында. Ауданда өңдеу цехтары жоқ, картоп пен көкөніс сақтайтын бір ғана қойма бар. Сүт басқа өңірге өткізілуде. Осындай олқылықтарды көтерген аймақ басшысы ауылшаруашылық жерлердің жетіспеушілігін де қозғады.

– Ақсу ауданында, оның ішінде, Қызылағаш, Қапал, Матай ауылдық округтерінде бұл мәселе күрделі болып тұр. Қазіргі кезде жер комиссиясы құрылып, игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Пайдаланылмай жатқан 219 мың гектар жердің 9,9 мың гектары ғана мемлекет меншігіне қайтарылған, 50 мың гектар жайылым жерді қайта айналымға енгізген. Бұл облыстағы төменгі көрсеткіш, – деп жауапты мамандарға аудан әкімімен бірлесіп, жаңа өңдеу өндірістерін, тауарлы-сүт фермаларын, жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын ашу үшін инвесторлар тартуды жандандыруды, игерілмей жатқан жерлерді қайтаруды, заңға сәйкес конкурс өткізіп, шаруа қожалықтарының пайдалануына беруді, сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ірі шаруашылықтардың жерді пайдалануына тексеру жүргізуді тапсырды.

Бейбіт Өксікбайұлы «Қызылағаш» су қоймасының суын толық пайдалану үшін биыл Қызылағаш суару алқабы құрылысының басталуына республикалық бюджеттен 4 млрд.теңге бөлінгенін айтты. Ондағы құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, айналымға 5,3 мың гектар жаңа суармалы жер енгізілмек. Аудандағы орта және шағын бизнес, инвестиция тарту, халықты ауызсумен, газбен, жұмыспен қамту, жолдарды жөндеу, білім, мәдениет, спорт, туризм салаларына тоқталды.Тұрғындардың әлеуметтік жағдайына ерекше назар аударды.

– Ауданда үй кезегінде 791 адам тұр, 2021 жылмен салыстырғанда олардың саны 98-ге артты. 2023 жылдың наурыз айында Жансүгіров ауылында 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй мен 10  жеке тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2023 жылы 20 жеке тұрғын үйдің құрылысына қаражат қарастырылады. Бұдан басқа,  Қапал ауылында 20 жеке тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін жеке инвестордан 36 жаңа пәтер сатып алынады, – деп жеке қабылдауында болған адамдардың басым көпшілігі тұрғын үй мәселесін көтергенін айта келе, халыққа шын мәнінде әлеуметтік жағынан көмектесу керектігіне көңіл бөлді. Алдағы кезде бюджетке міндетті түрде өзгерістер енгізіп, 60 пәтерлік тағы бір тұрғын үй салуға қаржы бөлінетінін аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға баспана берілетінін жеткізді.

Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың басым бөлігі мектеп салу, жол жөндеу, суармалы, жайылымды жердің жетіспеуі және баспанаға байланысты болды. Көлтабан ауылынан келген Мұрат Рахимов жаңадан салынатын  мектептің жайын қозғады. Бастапқыда 120 орынды мектептің жобасы 80 орынға қысқарған. Соны қайта қалпына келтіруге ықпал етуін өтінді. Бейбіт Өксікбайұлы ауыл халқының азайып-көбеюін, оқушы санын бақылап, қажетті шешім қабылданатынын айтты.

Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Сәбит Бармақов келесі жылы Ақын Сараның 170 жылдығы өтетінін, Талдықорғандағы өнер мектебіне сол кісінің атын беру туралы ұсынысын білдірді. Облыс әкімі айтулы мерекеге дайындықты қазірден бастау керегін айтып, өнер мектебіне Ақын Сараның есімі берілетінін хабарлады. Арасаннан Қапалға дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізіліпті.

Алайда гранит таситын жүк көліктері қайта бүлдірген. Сондықтан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы үстіне бір қабат асфальт төсеуді қарастыруда. Суықсайдың тау арқылы өтетін жол да қайта жөнделеді. Жаңалықтан Ақсу ауылына дейінгі 22 шақырым жолға күрделі жөндеуге қатысты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы зерттеп, зерделеп тиісті ұсыныстар беретін болды.

Кездесу соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев өзінің орынбасарларына, басқарма басшылары мен Ақсу ауданының әкімі Есім Базархановқа көтерілген мәселелердің бірде-бірін ескерусіз қалдырмай, халықпен етене жұмыс істеуді міндеттеді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Ақсу ауданы,

Жетісу облысы