АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Уақыты: 29.11.2022
Оқылды: 1470
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХХ сессиясы өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев төрағалық еткен жиында бірнеше мәселе қаралды.

Алдымен Алматы облыстық мәслихатының 2021 жылғы 14 желтоқсандағы №12-59 «Алматы облысының 2022–2024 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі пысықталды.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ораз Асыланның айтуынша, жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтерге 515,6 млн.теңге, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікке 990,9 млн.теңге бөлу көзделген. Ал ағымдағы шығындарға қосымша білім беру саласына 3,8 млрд.теңге, денсаулық сақтау саласына 244 млн.теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласына 5,2 млн.теңге, мәдениет саласына 1,6 млрд.теңге, дене шынықтыру және спорт саласына 1 млрд.теңге бөлу жоспарланған.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ағымдағы шығындарына жергілікті бюджеттен қосымша Қонаев қаласындағы азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге 352 млн.теңге, елді мекендерді абаттандыру және жарықтандыру жөніндегі іс-шараларға 2,6 млрд.теңге қаражат қарастыру көзделген. Ауыл шаруашылығы бойынша шығыстар 4 млрд.теңгені құрайды. Отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалану бойынша даму бюджетінің шығыстары «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Іле және Жамбыл аудандарында электрмен жабдықтау желілерінің құрылысын аяқтауға 49,7 млн.теңге бағыттау жоспарланған.

«G4 City» бас жоспарын әзірлеуге 5 млн.теңге қаражат бөлу көзделген. Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 236,2 млрд.теңге, кәсіпкерлік қызметті қолдауға 130 млн.теңге, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарасай ауданында 2 мектептің құрылысын аяқтауға 4,3 млн.теңге, Қонаев қаласындағы кәріз тазарту құрылысын реконструкциялау бойынша ТЭН әзірлеуге 30 млн.теңге бағыттау ұсынылған.

Белгілі болғандай, облыс мәслихатының 2021 жылғы 14 желтоқсандағы №12-60 шешімімен бекітілген Алматы облысының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарына Алматы облысының бөлінуіне байланысты өзгерістер енгізілуде. Онда Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында қойылған міндеттер мен жалпыұлттық басымдықтар ескерілген. Жоспарда «азаматтардың әл-ауқаты», «өмір сүруге жайлы және қауіпсіз өңір», «мықты экономика» деп аталатын 3 негізгі бағыт айқындалған.

Сессияда облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу, елді мекендер аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту, облыстағы елді мекендер аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту және басқа да мәселелер талқыланды. Соңында облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының дербес құрамы, облыстың 2023–2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспары бекітілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы