МЕМЛЕКЕТТІК КІРІС КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ТЕКЕЛІ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 04.12.2022
Оқылды: 1328
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов арнайы іссапармен Текелі қаласына келіп, тұрғындармен кездесті. Жиын барысында салықтарды төлеу, салықтық және кедендік әкімшілендіру және мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіндегі мәселелер талқыланды.

Кездесуде Данияр Еренғалиұлы Мемлекеттік кірістер комитеті қызметінің негізгі бағыттары жайлы тарқата айтты.

– Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай біз әлеуметтік-экономикалық жағдайды, сондай-ақ, жергілікті деңгейде шешілмей тұрған өзекті мәселелерді талқылау мақсатында облыстарды аралап жүрміз. Бүгінгі таңда біз мемлекеттік қызметтің 43 түрін көрсетеміз. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін автоматтандыру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде, – деген ол келе атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Облыс аумағында барлығы 793 966 салық төлеуші тіркеліпті. Бүгінде кірістер органдары 33 мемлекеттің қызмет түрін электронды түрде көрсетеді. Сонымен қатар, eGov.kz порталы арқылы 16 қызмет түрін алуға болады. Салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін облыстарда онлайн режимде қызмет көрсету мақсатында «Байланыс орталықтары» құрылды. Сондай-ақ, салық төлеудің ыңғайлы болуы үшін кәсіпкерлерге арналған «E-Salyq azamat» және «E-Salyq businnes» қосымшалары әзірленген.

Басқосу барысында Данияр Жанәлінов іссапарларда жиі қойылатын сұрақтарға түсініктеме берді. Осыдан кейін тұрғындар Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасына көкейінде жүрген сауалдарын қойды. Сауалдардың басым бөлігі көлік, мүлік салығы және облыс екіге бөлінген соң жеке есепшоттардың дұрыс болмауына байланысты болды.

Жиын соңында Данияр Еренғалиұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Текелі қаласы,

Жетісу облысы