Жетісу облысында инвестиция есебінен 220 жұмыс орны құрылады

Уақыты: 30.05.2023
Оқылды: 875
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өтті.

Онда өткен 4 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың нысаналы индикаторларының орындалу барысы мен өткен жылғы тікелей шетел инвестицияларын тарту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар  сараланып, қорытындылары  қаралды. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен ірі жобаларды іске асыру кезінде кездесетін проблемалық мәселелер де осы жиында талқыланды. Аталған тақырып аясында ҚР Ұлттық экономика, ҚР Мәдениет және спорт, ҚР Цифрлық даму, ҚР Инновациялар және аэроғарыш  өнеркәсібі, ҚР Сыртқы істер министрліктерінің, «ҚазИнвест» ҰК» АҚ және Қарағанды, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

Жетісу облысы бойынша 2023 – 2029 жылдарға ҚР Сыртқы істер министрлігінің бекітілген декомпозициясына сәйкес тікелей шетелдік инвестициялардың жоспарлы көлемі 451 млн. АҚШ долларын құраған. ҚР Ұлттық банктің статистикалық деректеріне сәйкес өткен жылғы қорытынды бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 23,4 млн. АҚШ доллар болды, бұл жоспардағы көрсеткіштен 72%-ға төмен (2022 жылға арналған жоспар декомпозицияға сәйкес 83 млн. АҚШ долларын құрады).

Әлихан Асханұлы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтан мұның себеп-салдарын сұрап, баяндамасына құлақ асты. Осыған байланысты аймақ басшысы облыстарды бөлу кезінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен шетелдік инвестициялар қатысатын жобалардың негізгі үлесі қазіргі Алматы облысы жобаларына тиесілі екенін атап өтіп, экономикаға тартылған инвестиция бойынша жоспардың асыра орындалғанын мәлім етті.

– Жалпы, биыл облыста жалпы құны 63,5 млрд. теңгеге 52 инвестициялық жобаны іске асырып, 900-ден аса жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде шетелдік инвестициялардың қатысуымен 26,4 млрд. теңгеге 3 жобаны іске асыру жоспарда бар. Бұл 220 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Олар Талдықорған қаласында 1,8 млрд. теңгеге «Алмаз Керамикс» ЖШС (ҚХР) керамикалық плиткалар өндірісі бойынша екінші желіні іске қосу, 23,5 млрд. теңгеге «EcoWattAKA» ЖШС (ҚХР) 50 МВт ЖЭС құрылысын жүргізу, «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС (РФ) 1,1 млрд. теңгеге сақтау қоймасын салу жұмыстары іске асырылады. Сонымен бірге «Vodar» компаниясының жобасын жүзеге асыру бойынша ирригациялық жабдықтар шығаратын зауыт салу жұмысы жүргізілуде. Оның инвестициялық көлемі 20 млн. АҚШ долларын құрайды. Биыл өндірістің бірінші желісін іске қосу көзделіп отыр – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Сондай-ақ, облыстың шегаралық әлеуетін пайдалана отырып, қытай инвестицияларын тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, жалпы инвестициялар әкелу ісі тұрақты әрі ерекше бақылауда екені аталып өтті.

Әлихан Асханұлы  жиын соңында салаға жауапты министрліктер мен облыс әкімдеріне тапсырма бере отырып, инвестиция тарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажеттігін еске салды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: primeminister.kz