47 инвестициялық жоба іске асты

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 585
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысының құрылғанына бір жыл болды. Осы уақыт ішінде облыс әкімдігі инвестициялық мүмкіндіктерді ескере отырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты қадамдық жоспарын әзірледі.

Аймақта агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика, өнеркәсіп, оның ішінде жер қойнауын пайдалануды дамыту стратегиялық бағыттары бойынша жаңа инвесторлар тартып, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Облыс байланыстырушы ретінде темір жол, автомобиль, көлік-логистика саласында үлкен транзиттік әлеуетке ие. Аймақтың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының ортасында трансшегаралық орналасуы сыртқы нарықтарға шығу және экспорттық әлеуетті дамытуға жол ашады.

Бүгінде облыста экспорттық және импорттық бағытта жүктерді ауыстырып тиеу, сақтау бағытында перспективалы жобалар іске асырылуда. Мәселен, «DAR RAIL Infrastructure» ЖШС Достық стансысында құны 29 млрд. теңгені құрайтын, 225 жұмыс орнын құратын қайта тиеу терминалы салынады. Жоба Қазақ-стан – Қытай шегарасы арқылы өтетін жылына 9 млн. тоннаға дейін жүктерді және 300 мың контейнерді ауыстырып тиеуді, сақтауды және қоймалауды көздейді. 
 Сонымен бірге шегаралық әлеуетті пайдалана отырып қытай инвестицияларын тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты жақында облыс делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барып, көлік, логистика және сауда саласы бойынша екі жақты байланысты дамыту мақсатында іскерлік кездесу өткізді. 

Осының аясында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА басқарушы компаниясы, «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» технопаркі және ҚХР ХШЫО арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандум жасалды. Яғни, бұл кедергісіз логистиканың дамуына ықпал етеді. Бұл кездесу Қытайдың Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданы мен аймақ арасындағы экономикалық қатынастардың дамуына жаңа серпін береді.

Сондай-ақ, шетелдік инвестицияларды тарту, жаңа өндірістер құру, озық технологияларды енгізу мақсатында делегация Сямынь қаласына да барды. Сапар барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған делегация «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында өткен сауда, экономика және инвестициялар бойынша семинарға қатысты. Онда сауда және экономикалық мүмкіндіктер таныстырылды. Сапар соңында бірқатар қытайлық компаниялар ауыл шаруашылығы, түсті металдар өндірісі, өнеркәсіптік, медициналық және тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу саласында тығыз байланыс орнатуға қызығушылықтарын білдірді

Сондай-ақ, облыста жер қойнауын игеру үшін инвестор тартуда әлеует зор. Қазіргі таңда инвестиция бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізу мақсатында аймақта 2030 жылға дейін жалпы құны 1,6 трлн. теңгені құрайтын, 7 мыңнан аса жұмыс орнын құратын 148 инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Облыс құрылғаннан бері аймаққа негізгі капиталға 314 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан аса жұмыс орнын құрумен 38 млрд. теңгеге 47 инвестициялық жоба іске асырылды. 

Сонымен бірге, биыл инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында «Жетісу Инвест – 2023» халықаралық инвестициялық форумын өткізу жоспарланып отыр. Бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен делегаттар мен дипломаттар, ірі отандық және трансұлттық компаниялар, шетелдік және отандық бизнесмендер, мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауға алынып, жалғасатын болады.

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ