Кәсіпкерлер «қай тілде» сөйлейді?

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 672
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ел экономикасының негізгі тірегі – кәсіпкерлік. Аталмыш саланың өрісі кеңейсе, мемлекет те өркендейді деген сөз. Содан болар, елімізде кәсіпкерлердің қағажу көрмеуі үшін қарымды тірлік, қауқарлы шаруалар еңсерілуде. Алайда бәрі мінсіз емес. Бизнестің балағына жармасқан бюрократия бар. Кейбір мемлекеттік құзырлы органдар әлі де кәсіпкерлікке кері әсерін тигізіп отыр. Бұл жайында Жетісу өңіріндегі бизнес әлеуетін ілгерілендіру мақсатында өткен «Бизнесті бірге қорғайық» форумында белгілі болды.

Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен жиынды облыстық прокуратура мен Жетісу облысы кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған. Форумға салаға қатысы бар құзырлы орган қызметкерлері мен аймақ кәсіпкерлері жиналыпты. Олардың қатарында «табанына шөңге» қадалғандары да бар. Форум мінберінде мәселесін көтермекке келіпті. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген. «Дөңгелек үстел» басындағы жиынның шымылдығы түрілгеннен мемлекеттік тілге теңестірілген орыс тілінің үстемдігі байқалды. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында: «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек», – деген еді. Форум мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытынан ауытқыды. Өйткені, форум орыс тілінде басталып, орыс тілінде аяқталды. Ешкімді тілдік кемсітушілікке итермелеп отырғанымыз жоқ. Бірақ, мемлекеттік саясатты, Қазақстан Республикасының Заңдарының үстемдігін қалыптастырар орган өткізген шарада қазақ тіліне жанашырлық танытылмаса, қалған құрылымдардан не үміт, не қайыр? 
Қош, форум тізгінін тартқан облыс прокуроры М. Басшыбаев әу бастан орыс тіліне бүйрегі бұрғандай. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген бар, оған «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда бастаса, артқы доңғалағы сонда бағыт алады» дегенді қосыңыз. Спикерлер де мемлекеттік тілге теңестірілген орыс тілінде баяндамасын жасады. Тек Жетісу облыстық кәсіпкерлер палатасының Құқықтық қорғау жөніндегі басқарушы директоры Думан Керімбаевтың қазақ тіліне жанашырлығы барын байқадық. Ол  форум тізгіндеуші қойылған сауалдың қазақшасына қазақша, орысшасына орыс тілінде жауап беріп отырды. 
Форум барысына ойысайық, жиын мінберіне бірінші көтерілген облыс прокурорының орынбасары Серікқали Күшәлиев те орыс тілінде атқарылған жұмысты баян етті. Оның айтуынша, өңірде прокуратураның жемісті жұмысының арқасында жыл басынан бері 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалған. Көбінесе кәсіпкерлікке жер ресурсын басқару департаменті тарапы шүйлігетін сыңайлы. Прокурор орынбасары департамент 700-ден астам кәсіпкерлік нысанға ауыртпалық түсіргенін алға тартты. Осындай олқылықтар нәтижесінде өңірде мемлекеттік, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары тарапынан 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Мұнан соң прокурор орынбасары мобильді топтың арнайы Web сайтымен таныстырды. Артынша Жетісу облысы бойынша ҚРБП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасы басшысының орынбасары Алиса Самойленко, Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Серік Сабитұлы, облыстық кәсіпкерлер палатасының Құқықтық қорғау жөніндегі басқарушы директоры Думан Керімбаев сөз сөйлеп, атқарылған және атқарылуы тиіс жұмыстардың жайына тоқталды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар жолданып, тиісінше жауап берілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратурасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Айта кететін жайт, атқарылған жұмысқа дауымыз жоқ, бірақ форумда мемлекеттік тілге жанашырлық танытылу керек еді.

Дастанбек САДЫҚ
Фото: көрнекілік үшін