Қорғасқа сенбі, жексенбі күндері 5 мыңға жуық адам келіп, кетеді.

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 753
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Қорғас шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» Басқарушы компаниясы АҚ ҚР Үкіметінің пәрменімен Жетісу облысының құзыретіне берілді. Енді жаңадан құрылған Жетісу облысының экономикалық күретамырына қан жүгіртетіні сөзсіз. Өйткені қоғамға қарасты Құрғақ порт, индустриялық және логистикалық орталықтардағы жүзеге асып жатқан ғаламат істерді айтпағанның өзінде аталған орталық 3 жылдан кейін қайта іске қосылып, облыс қаржы қорына күн сайын миллиондаған теңге нақты ақша түсіре бастады. 

Қазір мұнда сенбі, жексенбі күндері 5 мыңға жуық адам келіп, кетеді. Олардың артық тауарының әр келісіне 4 еуро көлемінде баж салығын қоспағанда, келген әр адам 3 мың теңгеден орталық қызметіне төлейді. Қаржы көлемі сенбі, жексенбіде 15 миллион теңгеге жуық, жай күндері 9 миллион теңгені құрайды.

Күнбе-күн осынша адамды қабылдап, шығарып салу жеңіл шаруа емес. Орталық еліміздің түкпір-түкпірінен, шет елдерден күн сайын келетін саяхатшы саудагерлерге барлық жағдайды оңтайлы үйлестіріп отыр. Орайы келгенде орталықтың бұл іске тыңғылықты әзірлік жасағанын айта кеткеніміз артық болмас.
2020 жылдың қаңтар айынан еліміздің сан тарабынан келетін саяхатшыларға есігін арагідік жапқан болатын. Ал сол жылдың наурыз айының 15-жұлдызынан Алматы облысының бас санитарлық дәрігерінің бұйрығымен мұнда карантин жарияланды. Яғни халықаралық ірі сауда орталығы 3 жылдан бері қаңырап бос тұрды.

Осы сәтті тиімді пайдаланған орталық әкімшілігі жолаушылар өткелі ғимаратын жөндеуден өткізуге 70 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, жолаушылар терминалын толық жаңалады. Ғимараттың кафельден төселген еденін топпингпен ауыстырып, бұрынғы жолаушылар жолақтарын бір-бірінен бөліп тұрған темір қоршауларды алып тастап, орнына әйнектен жасалған өткелдер орнатты. Сонымен қатар орталықта жүк қабылдайтын нүктелер көбейтілді. Осының бәрі алдағы уақытта орталыққа келушілерге сауда-саттық жасауға қолайлы жағдай туғызып, саяхатшылардың шегарадан өту рәсімдерін жеңілдетті әрі жеделдетті.

АҚ-ға қарасты Құрғақ порт пен индустриялық орталықта да облыс экономикасына тұрақты мол қаржы беретін ауқымды істер атқарылуда. Мұндағы Құрғақ порттан күн сайын мыңдаған тонна жүк Қытайға және Қазақстан арқылы басқа да шет елдерге аттандырылса, Индустриялық орталықта қазірдің өзінде онға жуық шағын зауыттар салынып, өнім өндіре бастады. Мұндағы жем тартатын, май сығатын кәсіпорындар өз өнімдерін Қытай нарығына шығарса, әйелдер мен балалардың гигеналық бұйымдарын жасайтын және шатыр жамылғыларын шығаратын зауыттар өнімдері еліміздің сауда орындарын тауармен байытуда. Сонымен қатар, бұл өндіріс орындары жергілікті халыққа көптеген жұмыс орындарын ұсынып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына жол ашты.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы