СУБСИДИЯЛАУ МӨЛШЕРІ ҰЛҒАЙДЫ

Уақыты: 16.06.2024
Оқылды: 492
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елімізде шаруаларға су үнемдейтін жүйелерді сатып алу және орнату үшін берілетін субсидия мөлшері 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайды.


 Яғни, бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ, барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі. Айта кету керек, ауыл- шаруашылығы елдегі су қорын ең көп тұтынатын сала. Ел аумағында жинақталатын жалпы су қорының 60 пайызы немесе тәулігіне 40 мың тоннадан аса су ауылшаруашылығы үшін жұмсалады. Министрлік осыған дейін де шаруаларды су үнемдеуге және оны тиімді пайдалануға ынталандыру үшін бірқатар іс-шара қабылдады. 

Атап айтқанда, жаңа Су кодексінде су үнемдеу технологияларын енгізу дәрежесіне қарай субсидия және су беру қызметтері үшін төмендетілген тарифтер түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Сондай-ақ, суармалы су тарифін өсірілетін дақылдардың түріне және олар тұтынатын су көлеміне қарай есептеу ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, елімізде ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі 80 пайызға дейін артты.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, субсидия көлемін ұлғайту Үкімет тарапынан шаруалар үшін жасалған үлкен қолдау және жақсы мүмкіндік. Министрлік ел бойынша суды тиімді пайдалану технологияларын қарқынды енгізуді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар жасалып, әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар берілді.    

Осылайша, 2030 жылдың соңына қарай республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50 пайыздан астамын заманауи технологиялармен қамту арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарланып отыр.

Айгүл Байжұмақызы