Президент Телерадиокешенінің «Таза қала» жобасы Талдықорған қаласына жетті. «Жер жәннаты Жетісу» атанған бұл өлкенің тазалығы мен эстетикасы қай деңгейде?
Бейсен Құранбек бағы, тұңғыш Қазақстан барысы және ақын
Талдықорған Алматы облысы екіге бөлінгенше өңір орталығы болып келді. Екі жыл бұрын жаңадан құрылған Жетісу облысының жүрегіне айналды. Қалада 200 мыңнан астам тұрғын бар. Халқының жайқалған жасыл желекке құштарлығын көрсету үшін ерекше кейіпкерді таптық. «Жастар» шағын ауданының тұрғыны Нұртай Шангужанова бес жыл бұрын өңірдің талантты тумасы Бейсен Құранбектің бағын өсіруді қолға алған. Айналасын гүлзар егіп, түрлі талдарды отырғызған Нұртай әжені көршілер «Гүл апа», «Дос апа», «Сән апа» атап кеткен.
«Бейсеннің өмірі қысқа болды ғой деп, осы аллеяны жасадым. Мұнда 49 түп жеміс ағашы бар. Көшедегі өткен-кеткендер талдардың жемісін жейді, сонда бұл Бейсеннің бағы деп айтып отырамын. Осы қаламызға теңізге тамған тамшыдай болса да көмегімнің тиіп жатқанына ризамын», - дейді Н. Шангужинова.
Сонымен бірге, бағдарламада өңірдегі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, тұңғыш Қазақстан барысы Ұлан Рысқұл өңірдегі жұртшылықтың тазалық мәдениетіне бағасын берді. Болашақ чемпиондарды дайындап жүрген спортшы тәрбие тазалықтан басталатынын қаперден шығармайды. Жеңімпаз атану үшін өзіңе де, өзгенің еңбегіне де құрметпен қарау керек.
«Талдықорғанның тазалығын 10/10 ұпаймен бағалар едім. Балаларыммен кешкі серуенге саябақтарға жиі шығамыз, айнала жап-жасыл боп жатыр. Спорт кешендерінің көпшілігі Талдықорған қаласында орналасқан. Олардың айналасында екі апта сайын сенбілік жасаймыз, ағаштарды әктеп, арықтарды тазалаймыз. Көктем басталғалы көптеген іс-шара өткіздік», - деді Ұлан Рысқұл.
Талай шимаққа шумақпен жауап беретін адамдардың бірі Жандарбек Бұлғақов та – Жетісудің тумасы. Бағдарламаға арнайы сұхбат берген ақын өз ойын өлеңдетіп жеткізді. Жетісу жерінің әсемдігін баяндау үшін ақындық өнер де, қара сөз де артық етпейді.
«Арық мәселесі, жол мәселесі бізде ғана емес, барлық облыста кездеседі. Оның шешілуіне билік өкілдерін немесе басшыларды ғана жұмылдырып қоймай, тұтас ел болып атсалысуымыз керек», - дейді ақын.
Жандарбек Бұлғақов «Таза қала» бағдарламасы арқылы Қонаевтағы әріптесі Сырым Әуезханға эстафета жолдады.
Күтімсіз ағаштар, тозған аулалар
Жергілікті экобелсенділердің айтуынша, саябақтарда ағаш түптері суарылмай, құрғап тұр. Қаладағы ең ірі саябақта да жаңадан отырғызылған ағаштардың өспей қалатыны кезігеді.
«Жасыл желекке қатысты айтайын, қазірдің өзінде ағаштардың қурап қалғанын көріп тұрмыз. Яғни біз ағаш отырғыза аламыз, бірақ өсіре алмай жатырмыз. Біздің облыста 141 саябақ бар. Бірақ олардың ешқайсысында ботаник те, бағбан да жоқ», - дейді экобелсенді Игорь Тандеев.
Сонымен бірге, «Таза қала» жүргізушілері базардағы ретсіз сауданы, қоқысқа толы көшелер мен аулаларды да көрсетті. Мәселен қала орталығындағы Шевченко көшесінің бойындағы үйдің жай-күйі мәз емес. Ескі құбырлар, ескі алаң, стадион газонының тозуы, айналаға шашылған қоқыс – қала эстетикасын бұзып тұр.
Қала әкімі Ернат Бәзіл бағдарламаға берген сұхбатында екі жыл бұрын қаладағы аулаларды жаңғырту жұмыстары басталғанын жеткізді. Биыл 87 аула жөнделсе, 2027 жылға дейін – барлық 454 аула жөндеуден өтпек.
Бағдарлама жүргізушісі аулалар арасындағы арам шөпті тек бір ғана қызметкердің тазалап жүргенін байқады. Жалғыз өзі мұны бүгін-ертең бітірмейтіні түсінікті. Есесіне жалғыз тазалықшының еңбегі балаларға өнеге болыпты. Аула тұрғындары тазалық мәдениеті өздерінен басталатынын, қоқыс лақтырудан арланбайтын көршілерінің де көп екенін мойындайды.
Қала енді саябақ, субұрұрқақ сынды арнайы орындарды күтіп баптайтын мердігер мекемемен бес жылға келісім шартқа отырады. Әкім аулалардағы қоқысты шығару жағдайы осы жоба аясында шешілетінін айтты.
Заңсыз сауда нүктелері
Қаланың Коммуналдық базарындағы жайма сөрелер де 15-20 жыл бұрын үйреншікті көрінер еді. Ал қазір қалалар сән-салтанатымен жарысқан заманда тек сәнін бұзады. Сатушылар өзі белгілеп алған заңсыз орындарға жайғасқан, соның салдарынан демалыс күні сату алаңы шақырымдарға созылып кетеді. Оның үстіне санитарлық талаптар сақталмаған, көкөністер жол бойына тым жақын орналасқан.
Орталық базардағы жағдай да мәз емес. Мұнда екі мыңнан астам адам нәпақасын тауып жүр. Заңсыз орналасқан кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін қала әкімі тротуар жағалаған дүңгіршектерді, ретсіз жарнаманы алуға пәрмен берген. Тоғыз ай өтсе де тапсырма орындалмаған, тіпті жарнамалар күннен-күнге жаңарып келеді.
Заңсыз орналасқан саудагерлерге әкімдік тұрақты жұмыс орнын да ұсынған екен. Алайда бұл жұмыстардың жалақысы мардымды болмаған.
«Бұл мемлекеттік бағларлама бойынша табылған жұмыстар, ондағы жалақы 130-140 мың теңге босла, қолға 95-100 мың түседі. Жеке кәсіпкерлер тарапынан да жұмыс ұсынылды, онда 160-180 мыңға дейін жалақы бар. Бірақ ол үшін 2-3 айлық тегін курсты оқуы керек, біліктілікті арттыру керек. Одан адамдар қашқақтайды», - деп түсіндірді әкім Е. Бәзіл.
Енді әкімдік жабайы сауда нүктелерін мәжбүрлеп бұзу жөнінде сотқа өтінім берген. Сот шешімі жуырда шығады. Оның орнына әмбебап заманауи базар салу жоспарда бар.
Қалалар рейтингі
Бағдарлама жүргізушілері Талдықорған туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді. Бұл шығарылымды Экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов, урбанист Тұрсын Жиенбаева және эколог Бақтияр Шыныбай бағалады.
«Жалпы Талдықорған – таза қала, бірақ проблемаларына да тоқталып өтейін. Көлік жолдарының сапасы нашар, қала эстетикасын бұзатын заңсыз сауда орындары бар. Бұл үшін арнайы орындар қарастырылуы керек, сонымен қатар біртекті павильондар жасалуы керек», - дейді урбанист.
Экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов қаладағы екі негізгі мәселе – қалдықтар және абаттандыру екенін баса айтты.
«Болашақта қаладағы қалдықтарды тиімді басқару мәселесін шешу керек. Абаттандыру тақырыбына келсек, әр қаланың көгалдануы – арық жүйесіне, сумен қамтамасыз етуіне тікелей байланысты. Мұның барлығын бағдарламада көре алмадық», - деді Е. Абақанов.
Эколог Бақтияр Шыныбай Талдықорғанды 5 ұпаймен бағалады.
«Талдықорған – еліміздің ауасы таза және әсем қалаларының бірі екені көрініп тұр. Бірақ қаланы одан да әрі дамыту үшін біріншіден коммуналдық қызм еттер жұмысын күшейтіп, халықтың экологиялық және жеке мәдениетін арттыруға көбірек көңіл бөлінуі қажет», - деді ол.
Жалпы есепте Жетісу орталығы 19 ұпай алды және қалалар рейтингінде Алматы мен Қызылордадан кейін үшінші орынға тұрақтады. Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент (18 ұпай), Түркістан (18), Тараз (15), Қызылорда (20), Өскемен (11), Семей (14), Павлодар (17) және Алматы (25) қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.