Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай өңір басшылығымен, мемлекеттік қызметшілер және жастармен кездесті.
Облыс активімен кездесуде Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметті жаңғыртуға қатысты Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан іс-шаралар жайында айтты. Олар мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуды, оны адамға бағдарланған сервистік сипатта дамытуды, мемлекеттік қызметке кіруді барынша ашық етуді, жастардың және жеке сектордағы кәсіби мамандардың мемлекеттік қызметке келуін жеңілдетуді қамтиды.
– Жер жаннаты Жетісу облысы еліміз үшін ерекше маңызы бар өлке. Облыс тарихы аймақ пен елдің игілігі үшін қызмет ету ісінде мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың қайнар көзі болуы керек. Мемлекеттік қызмет қашан да абыройлы болуы тиіс. Адалдық, әділдік, ашықтық мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда зор ықпал етеді. Баршаға тең мүмкіндіктер тудыратын әділдік принципін негізге алу және адал, ашық болу мемлекеттік қызметшілер үшін басты ұстанымға айналу қажет. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы: «Кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет» деген сөзін мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде негізгі бағдарға алуы тиіс, – деді Дархан Медеғалиұлы.
Агенттік төрағасы отандық мемлекеттік қызметті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, оның қолданыстағы жүйені заман талаптарына сай жетілдіруге бағытталғанын айтты. Ол саладағы жаңашылдықтар Президент атап көрсеткен «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағиданы негізге ала отырып жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, тұтынушыға бағдарлануды қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті органдар арасындағы тығыз өзара іс-қимыл маңыздылығын атап өтті. Бүгінде агенттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қызмет алушылардың шағымдарын күтпестен мемлекеттік қызметтерге қашықтан проактивті мониторинг жүргізеді.
Дархан Жазықбай биыл облыстан Өңірлік кадр резервіне қабылданған жастармен арнайы кездесті. Ол резервке іріктеу әрбір өңірде тың өзгерістерді іске асыруға қабілетті жас басқарушылардың пулын қалыптастыруға бағытталғанын және оларға үлкен жауапкершілік жүктейтінін, мемлекеттік қызметке инновациялық және креативті ойлайтын жас мамандар қажет екенін ерекше атап өтті.
Қаратал ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығына барған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік көрсетілетін қыз- меттердің сапасымен танысты. Жалпы, облыс аумағында бірінші жартыжылдықта 2,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 98,4%-ы электрондық нысанда ұсынылған. 2023 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасының қоғамдық мониторингінің нәтижелері бойынша Жетісу облысы республикада 9-орынды иеленген.
Еңлік КЕНЕБАЙ