Әрбір табысты бизнес оны жүзеге асыруға бағытталған ой мен күш-жігерден бастау алады. Осы ретте «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жартылай финалисі Нина Немальцеваның табысты істерін мысалға келтіруге болады.
Нина 20 жасынан ара шаруашылығымен шұғылдана бастады. Сөйтіп, 2000 жылы араның бір омартасын сатып алып, жыл бойы оған қамқорлық жасады. Қыздың бұл қызығушылығы бірте-бірте кәсіпке ұласып, табыс әкеле түсті. Сонымен бірге шығыс пен кірісті есептеуді үйреніп, бал өндіру ісінде жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел шешті. Кейіннен отбасын құрған Нинаның кәсібіне жұбайы көмек көрсетті. Осылайша ара шаруашылылығы отбасылық бизнеске айналып, бүгінгі таңда ұялы бал, жаңғақ қосылған бал сияқты өнім түрлері мен арнайы жабдықта шайқалатын кремді бал өндіреді.
– Кремді бал жасау үшін біз арнайы жабдық сатып алдық. Бұл бал екі апта шайқалады. Мысалы, оған кептірілген жидектер немесе какао сияқты қоспа қосуға болады, – дейді Нина.
Ерлі-зайыптылар қазір араларды күту, шаруашылықтың қыр-сырын меңгеру, дағдыларын жетілдіру бойынша көп жұмыс атқаруда. Талмай еңбектенгеннің арқасында өнімдерінің танымалдығы артып, нәтижесінде жергілікті тұрғындардан ғана емес, сондай-ақ, Ресей мен Германиядан келген қала қонақтарының да таңданысын тудырып, сұранысқа ие болды.
– Қазақстанда туған кейбір шетелдік қонақтар балалық шағындағы өнімдерді жақсы көреді әрі сағынады. Олар қазақстандық бал дәмінің ерекше екенін айтады. Сондықтан қазір тұрақты тұтынушыларым бар. Талдықорғанда біздің өз нүктеміз қызмет көрсетеді. Сатып алушыларды балдың алуандылығымен қуанту үшін өнім түрін кеңейтуге тырысамыз. Бағасы жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы. Тауарды сапа мен құны жағынан тартымды етуге атсалысамыз, – дейді «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушысы Нина Немальцева.
Бүгінгі таңда ерлі-зайыптылар айына шамамен 100-110 келі бал түрлерін сатады. Олардың өз жоспары бар. Мәселен, алдағы уақытта өнім өткізу желілерін кеңейтіп, көтерме сатып алушыларға шығуды мақсат тұтады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы кәсіпкерлердің өз өнімдерін көпшілікке таныстыруға, тұтынушыларын көбейтуге көмектеседі. Сондай-ақ, мұндай іс-шаралар тауар ауқымын кеңейтіп, жетілдіруге ықпал етеді. Өйткені олардың өнімдері тартымды ғана емес, сонымен бірге бәсекеге де қабілетті болуы керек. Бұл жоба аймақта екінші жыл іске асырылуда.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА