Бұл жылуды жақсы көретін дақылды өсіретін облыстағы жалғыз аудан. Биыл күріш егістігі 116 гектарға ұлғайып, 1 мың 181 гектарды құрады. Нәтижесінде 4 мың тоннаға жуық өнім алынады деп күтілуде, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Увалиевтің айтуынша, былтыр орта есеппен гектарына 30-31 центнер өнім алса, биыл кейбір шаруашылықтарда шығымдылық 35-36 центнерге дейін көтерілген. Бұған суару арналарын механикалық тазалау жұмыстары да септігін тигізген. Соның арқасында суару суы уақытылы және қажетті көлемде берілді. Жалпы, келер жылы каналдарды тазалау, бетондау жұмыстары жалғасады.
Қаратал ауданында барлығы 9 ауылшаруашылық кәсіпорны мен шаруа қожалықтары күріш өсірумен айналысады. Соның бірі – «Опытное» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі. Олардың егістік алқаптарында орақ жұмыстары қызу жүріп жатыр. Күріш өткен аптада төгілген, қазір жинау жұмыстары жалғасуда. Науқандық жұмысқа 12 арнайы техника бірлігі мен 22 адам жұмылдырылды. Ауданда күріш шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Мұнда қазіргі таңда 14 арнайы техника бірлігі бар.
– Күріш – құнарлы дақыл. Сондықтан себу кезінде барлық факторларды, соның ішінде топырақ құнарлығын және аймақтың климаттық ерекшеліктерін ескеру қажет. Биыл бұл дақылға 300 гектардай жер бөлдік. Егістікке Қызылордадан сатып алынған «Янтарь» сортты күріш егілді. Ол құнды сапалы сорттар тізіміне енгізілген және тұзға төзімділер тобына жатады. Сондай-ақ, өну кезінде бұл сорт төмен температураға орташа төзімді. Биыл суару суынан еш қиындық болған жоқ. Соған орай өнім де жақсы болады деп күтудеміз,, – дейді «Опытное» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Ермек Құрманбеков.
Жалпы, бұл кезеңде күріш орағына 18 комбайн, 20 техника жұмылдырылған. Бүгінгі күні 530 гектар орылып, 1,9 мың тонна күріш бастырылды.
Фототілші: Жұмабай Мұсабеков