Биыл Жетісу облысында 14 мың гектарға жуық қант қызылшасы егілсе, қазіргі уақытта оның 8 600 гектарынан өнім алынды. Қалған 5 100 гектар алқаптан тәтті түбір жинау жұмыстары қарқынды жүруде.
Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев баян етті. Оның сөзінше бас-аяғы 615 мың тонна қызылша жинау жоспарланған. Өнімнің 250 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 365 мың тоннасы Ақсу қант зауытына өткізілуі тиіс.
– Бүгінгі күнге 403,1 мың тонна өнім алынды, гектар өнімділігі 471,9 центнер. Қант зауыттарына 373 мың тонна өткізілді. Өнімді қазу үшін 103 комбайн жұмыс істеп жатыр. Қалған 5,1 мың гектарды қараша айының соңына дейін аяқтауға мүмкіндік бар, – деген Нұрдәулет Сағадиұлы техника кептелісін азайту үшін Көксу қант зауытына өткізу графигі өзгертілгенін айтты. – Қазіргі уақытта, ірі аудандарға (Ескелді, Көксу) қант қызылшасын өткізуге екі күннен беріледі, қалған аудандар күнделікті өткізеді. Ақсу қант зауыты бүгінгі күнге Ақсу, Алакөл, Сарқан және Жамбыл облысының шаруашылықтарын қабылдап жатыр, 1 қарашадан бастап облыстың басқа да аудандарын қабылдай бастайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында журналистердің сауалына «Көксу қант зауытының» ЖШС директоры Алтынбек Абатов, «АқсуҚант» ЖШС бас директоры Самат Надирбаев жауап беріп, зауыттың жұмыс барысымен таныстырды. Айталық, Көксу қант зауытының жылдық қуаттылығы 250 мың тонна. Соған байланысты Ескелді, Қаратал, Кербұлақ және Коксу аудандары 120 мың тонна өнімді Ақсу қант зауытына өткізулері қажет. Шаруалардың жеткізу шығынын өтеу мақсатында әр тоннасына 5 мың теңге көлеміндегі көмек қарастырылған.
Жиын соңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев қант қызылшасын жинау және өткізу мәселелері облыстық Жедел штабының тұрақты бақылауында екенін жеткізді.
Мәулен Әнербай
Суретті түсірген автор