ҚАЗАҚСТАН 2029 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ШЕТЕЛДЕН 150 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ИНВЕСТИЦИЯНЫ ТІКЕЛЕЙ ТАРТПАҚ

Уақыты: 31.10.2024
Оқылды: 629
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық отырысын өткізді. Жиын барысында ол алдағы жоспары мен мақсаты туралы айтты.


Тоқаев Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты. Сондай-ақ басқа мемлекеттерден қосымша инвестиция тарту жоспарда барын айтып қалды.

“Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент Қазақстанның минералды-шикізат қорына бай екенін атап өтті. Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан.

Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болады.

“Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр”, – деп мәлімдеді Тоқаев.

Мемлекет басшысы келер жылды “Жұмысшылар мамандықтары жылы” деп жариялады. 

“Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз”, – деді президент.