ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас САПАРБЕКОВ Жетісу өңірінің тұрғындарымен кездесті.
Вице-министр өңдеу өнеркәсібі саласында жетекшілік ететін және коммуналдық-құрылыс салалары бой-ынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, отандық тауар өндірушілерді қолдау және өндірушілердің бірыңғай тізімі құрылғаны туралы айтты.
Облыс кәсіпкерлері Олжас Сапарбеков пен оның жұмыс тобына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Олар Талдықорған – Алматы ақылы жолына субсидия беру бірнеше айға созылуын, мемлекеттік сатып алулардағы мәселелерге, жергілікті отандық тауар өндірушілерді шетке ысыруға және жер қойнауын пайдалану, тауарларды сертификаттау мәселесін көтерді. Вице-министр сұрақтарға жауап бере отырып, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ережелері бекітілген цифрлық платформа – кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне ерекше тоқталды. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң санатын айқындау Кодекстiң 24-бабында көзделген өлшемдер мен олардың шектi мәндерiне, сондай-ақ, қызметкерлердiң орташа жылдық санын және кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң орташа жылдық табысын есептеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатынын жеткізді.
– Платформа тізіміне қазақстандық тауар өндірушілер, оның ішінде өндірілген тауарлар, қызмет түрлері, қызметкерлер саны және өндіріс көлемі туралы толық ақпарат тіркелді. Енгізілген субъектілер мемлекеттік ынталандыру шараларына, сатып алу алаңдарына, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қол жеткізе алады. Тізім келесі жылы толықтай жұмыс істейді. Сонда өндірушілер тарапынан көтерілген мәселелер де өз шешімін табады деп сенеміз, – деді Олжас Сапарбеков.
Жалпы, вице-министр барлық мәселе бақылауда екенін, басқа ведомстволарға қатысты мәселе олармен бірлесіп пысықталатынына сендірді. Нақты шешім минстрліктерге ұсынылған ақпарат пен мәселеге байланысты екенін және бұл үшін уәкілетті орган мен бизнес-қоғамдастықтың үйлестірілген жұмысы қажет екенін атап өтті.
Жұмыс сапарында вице-министр облыс орталығындағы «Қайнар АКБ» ЖШС және «ASMA INDUSTRIAL» ЖК кәсіпорындарына барып, жұмысымен танысты.
Еңлік КЕНЕБАЙ