ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА БАҒЫТТАЛҒАН БЮДЖЕТ

Уақыты: 12.12.2024
Оқылды: 314
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаеваның төрағалығымен Жетісу облыстық мәслихатының кезекті XXIV сессиясы өтті. Онда 2025-2027 жылдарға арналған облыстың бюджеті, облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 23 қарашадағы «Жетісу облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы» №12-35 шешіміне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.


Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталиновтың баяндамасы тыңдалды. Айтуынша, үш жылдық кезеңге арналған облыс бюджетінің жалпы көлемі 1,6 трлн. теңге, оның ішінде 2025 жылға 552,8 млрд. теңге, оның ішінде меншікті кірістер – 91,1 млрд. теңге, ағымдағы нысаналы трансферттер – 18,3 млрд. теңге, нысаналы даму трансферттері – 32,6 млрд. теңге, субвенция – 386,5 млрд. теңге, республикалық бюджеттен берілетін несиелер  – 18,3 млрд. теңгені құрап отыр. Ал бюджеттік несиелерді өтеу – 6,0 млрд. теңге. 

Жалпы, облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік бағытта. Үш жылдық кезеңде әлеуметтік салаға жұмсалған 995,9 млрд. теңге шығыстар бюджетінің 60%-ын құрайды, оның 43%-ы білім беру саласына тиесілі. Оның ішінде 2025 жылы әлеуметтік салаға жұмсалатын 309 млрд. теңге шығыстар бюджетінің 56%-ы, оның 37,4%-ы білім беруге арналған.  2025-2027 жылдарға арналған білім беру жүйесі бойынша облыстың ағымдағы бюджет жобасының көлемі – 657 млрд. теңге. Осы сала бойынша 2025 жылға арналған бюджет жобасы 199,7 млрд. теңгені құрайды.      

Денсаулық сақтау саласы бойынша  2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы 39 млрд. теңге десек, 2025 жылға арналған жергілікті бюджет жобасы 13,6 млрд. теңгеге айқындалды. Азаматтарды әлеуметтік қорғау үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, еңбек нарығын дамыту көзделген. Қойылған мақсаттарды шешу үшін  2025-2027 жылдары 117,3 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Осы сала бойынша жергілікті бюджеттен 2025 жылға арналған облыс бюджетінің жобасы 32,6 млрд. теңгені құрап отыр.

Қоғамдық даму саласы бойынша  2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы 11,5 млрд. теңге, оның ішінде 2025 жылға 3,9 млрд. теңге, оның 1,3 млрд. теңгесі мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге («Жетісу» телеарнасы ЖШС – 688,7 млн. теңге, «Жетісу Медиа» ШЖҚ МКҚК – 591,8 млн. теңге), қалғаны басқа да жұмыстарды атқаруға жұмсалмақ. 

Жиында облыста «ҚР Тіл туралы» Заңының орындалу барысы мен Талдықорған қаласының құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселелері қаралып, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ облыс бойынша филиалының биылғы 9 айдағы жұмысының қорытындысы тыңдалды. Бұған қоса, облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 20 маусымдағы №4-32 «Жетісу облысы бойынша ауылшаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларын бекіту» және облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 21 қазандағы №11-32 «Жетісу облысы бойынша үй жануарларын ұстау және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізілді.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов бірлескен жұмыстың арқасында биылғы жылдың ойдағыдай аяқталып, әр салада оң өзгерістерге қол жеткізіліп келе жатқанын, сондай-ақ, аймақ экономикасын алға жылжытуда жүзеге асырылған жобалар мен ауылшаруашылығы, құрылыс, жол, туризм, тұрғын үй, газ, басқа да салаларда атқарылып жатқан істердің аз еместігін айтып, үш жылдың бюджет жобасын бекітуге қолдау көрсеткен депутаттарға алғысын жеткізді.

Соңында ҚР мәслихаттарына 30 жыл толуына орай ел экономикасын өркендетуге үлес қосып жүрген бір топ депутат марапатталып, ардагер депутаттарға да сый-құрмет көрсетілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА