АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

Уақыты: 11.01.2025
Оқылды: 216
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жалпыға бірдей декларациялау басталғалы 3 жыл болса да ел арасында алып-қашпа әңгіме көп. Әсіресе, әлеуметтік желіде таралып жүрген әңгімелерге сенетіндердің қатары аз емес. «Жетісу Медиа» ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Асхат Абильмажинов жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы үш кезеңінің қорытындысын таныстырып, төртінші кезеңге енетін тұлғалар жайлы баяндады.


Оның айтуынша, ҚР Біріктірілген салықтық ақпарат жүйесінің алдын ала деректері бойынша, облыстағы 548 593 жеке тұлғаға декларация тапсыру қарастырылған, оның ішінде, 1-2-3-кезеңіндегі декларанттар үшін кірістер мен мүлкі туралы (270.00 нысаны) шамамен 193 мыңнан астам жеке тұлға, алғаш рет «кіру» декларациясын (250.00 нысаны) 355 мыңнан астам жеке тұлға тапсырған. Алғашқы үш кезеңнің қорытындысында декларация тапсыру міндеттемесін 0,5 пайыз адам орындамаған. Аталған тұлғаларға декларацияны тапсыруды қамтамасыз ету мен ӘҚБтК 272-бабы бойынша жауапкершілікке тарту жұмысы жүргізілген.

– Алғашқы үш кезеңде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдардың басшылары мен құрылтайшылары, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары декларация тапсырды. Ал биыл жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, тағы да басқа тұлғалар болып облыс бойынша 355,4 мың адам декларация тапсырады, – дейді Асхат Айтмолдаұлы.

Келесі кезекте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті камералық мониторинг бөлімінің басшысы Ринат Жамаубаев мобильді аударымдарда туындап отырған түсінбеушілікті түсіндірді.

Оның айтуынша, егер әлдебір жеке тұлғаның есепшотына 3 ай қатарынан ай сайын 100 тұлғадан аударым түссе, онда салық мекемелері кәсіпкерлік бойынша тексеріс бастайды. Заң бұзушылық анықталса бірінші кезекте ескерту беріліп, міндеттемесін орындамаған жағдайда айыппұл салынады. 

– Бұл жерде 100 аударым дегеніміз – бір жеке тұлғаның есепшотына 100 түрлі адамнан түскен қаражатқа қаратылған. Ал бір адамнан 100 рет аударым жасалса, ол тек 1 тұлға болып есептеледі. Сонымен бірге, «бір айлық аударым мөлшерлемесі 255 мың теңгеден аспау керек» деген алып-қашпа әңгіме бар. Ол тек ұсыныс ретінде қарастырылған. Бір реткі аударым 100 теңгеден басталып, аударым мөлшерінің көлеміне қарай болады, – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, құзырлы мекеме маманы есепшоты бола тұра салықтан жалтару үшін сатқан тауарына нақты ақша талап ететін кәсіпкерлерге де тексеріс жүріп жатқанын ескертті. 

Қажет АҢДАС