КӘСІПКЕРДІ МАЗАЛАҒАН МӘСЕЛЕ КӨП

Уақыты: 12.01.2025
Оқылды: 226
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Серік Егізбаев пен Николай Арсютин келді.


Халық қалаулылары «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі салалық кеңесі мүшелерімен кездесті. Бұл бизнесмендерге бірқатар проблемалық мәселелерді айтуға мүмкіндік берді. Басқосуда қант қызылшасын өсіруге қатысты мәселелер көтерілді. Өздеріңізге белгілі, егін жинау науқаны сәтті аяқталып, 635 мың тоннадан аса өнім алынды. 

Соған қарамастан, кәсіпкерлер бал тамырдың 30 мың тоннаға жуығы кәсіпорын бурттарында қалғанын сөз етті. Үкімет тапсырмасы бойынша былтыр қант қызылшасын себуге арналған алқап көлемі ұлғайды. Бұл көңілге қонымды. Десе де кәсіпкерлер тәтті түбірді ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіп-орындарға уақытылы тасымалдаудың мүмкін болмағанын, салдарынан бағалы дақыл бұзылып, айтарлықтай шығынға ұшыратқанын жеткізді.

– Суықтан болған зақымдану мен ластану тауар сапасына кері әсерін тигізіп, 30 пайыздан жоғары шығынға ұшыратты. Бұдан басқа, көлік құралдарының зауыттарда тұрып қалуын ескере отырып, шикізатты тасымалдау құны тоннасына 12 000 - 15 000 теңгеге дейін өсті, бұл өткізілген шикізаттың жалпы құнының 30 пайызынан астамын құрайды. Егер барлық шығынды ескеретін болсақ, онда шикізатты тазалау, оны зауытқа тасымалдау құны, маусымдық шығындарды қоспағанда, өсірілген өнім құнының кемінде жартысын құрайды, – дейді салалық кеңес мүшесі Секенбай Шенгелбаев.

Қайта өңдеу кәсіпорындарының фермерлердің тілегіне құлақ аспауы – шаруалардың қызылша өсірумен айналысудың тиімді болып қалатынына күмәнін күшейтеді. «Кең дала» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі де қызу талқыға түсті. Аграрлық бизнес өкілдері бұл бағдарламаны қаржыландырудың жеткіліксіз екеніне алаңдаушылық білдірді. Кәсіпкерлер, сондай-ақ, өндіріс өнімдерін тапсыру үшін орын жетіспеушілігі, мал жаюға арналған жер тапшылығы мәселесін де көтерді.

Соңында депутаттар аграршылардың ескертулері мен ұсыныстарын назарға алып, оларды Парламенттің төменгі палатасының жұмысы шеңберінде одан әрі талқылауға уәде берді.

А. Байжұмақызы