Былтыр көктемде қазақстандық диқандар 16,6 млн. гектар алқапқа дән сеуіп, барлық дәнді дақыл түрінен шамамен 26 млн. тоннадан аса астық жинады. Сөйтіп, ел берекесін тасытып, молшылыққа кенелтті.
Сондықтан еліміз үшін осындай мол астықты тиімді пайдаланып, қайта өңдеудің маңызы зор саналмақ. Жалпы, астықты қайта өңдеу Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?!. Бұл жөнінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек айтып берді. Оның сөзінше, астықты терең өңдеу – экономикалық мүмкіндік қана емес, сонымен бірге еліміз үшін стратегиялық таңдау. Қазақстан аграрлы мемлекет болғандықтан бүкіл әлемге бидай өндіретін жетекші ел ретінде танымал. Алайда, күшті позицияларға қарамастан әлемдік астық нарығында мемлекетіміз өзінің зор әлеуетін толық пайдалана алмай отыр.
Сол себепті астықты терең өңдеп, ұн, крахмал өнімдерін алу еліміз үшін маңызы ерекше саналмақ. Өйткені бұл саланың Қазақстанға едәуір экономикалық пайда әкелуге мүмкіндігі жетеді. Сондықтан жаңа экспорттық нарықтар құрып, отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек. Бидайды өңдеу нәтижесінде жүгері, майбұршақ, тіпті көмірсутектерден алынатын өнімдерге ұқсас 200-ден аса түрлі өнім шығаруға болады. Бұл ретте Қазақстандағы астық құны әлемдегі ең төмен бағалардың бірі болып қала береді, яғни, елге халықаралық нарықтарда бәсекелестік артықшылық береді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда астықты ішкі өңдеу жалпы өндіріс көлемінің шамамен 3 пайызын құрайды. Бидайдың басым бөлігі шикізат түрінде экспортталады, оның құны тоннасына 250 долларға дейін жетеді. Сонымен бірге, глютен, модификацияланған крахмал, биополимер немесе биоэтанол сияқты қайта өңделген өнімдер халықаралық нарықтарда бірнеше есеге бағаланып, қымбатқа түседі. Мысалы, бір тонна глютен шамамен 2 мың доллар тұрады, ал биоэтанолдың бағасы тоннасына 1,3 мың долларға жетеді. Астықты қайта өңдеудің экономикалық пайдасы тек кірісті ұлғайтып қана қоймай, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарының құрылуына, аралас салалардың дамуына және инвестициялар ағынын ынталандыруға септігін тигізеді.
Сарапшылар қайта өңделген өнім экспортының әлеуетті құнын 10 млрд.-тан аса долларға бағалап отыр. Яғни, бұл сала экономиканы әртараптандырудың ең оңтайлы бағыттарының біріне айналдырады. Қазақстан астықты терең өңдеуді дамытуда бірегей артықшылықтарға ие.
Біріншіден, бұл үлкен шикізат базасы. Елімізде жыл сайын 15 млн. тоннадан аса астық өндіріледі, оның ішінде 7 млн. тоннадан астамы шикізат түрінде экспортталады.
Екіншіден, қазақстандық бидайдың бағасы АҚШ, Канада немесе Ресей мемлекеттері сияқты негізгі әлемдік бәсекелестерге қарағанда төмен. Бұл қайта өңдеу өнімдерін жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етеді.
Үшіншіден, мемлекет салықтық жеңілдіктер, субсидиялар, басқа да ынталандыру шараларын ұсына отырып, осы саладағы инвестициялық жобаларды белсенді қолдайды.
Осы саладағы сәтті жүзеге асырыла бастаған жобалар қазірдің өзінде бар. Атап айтқанда, Астанада инвестиция көлемі қомақты қаражатты құрайтын бидайдан крахмал мен глюкоза өндіретін зауыт салу жобасы жүзеге асуда. Өнімдері әлемдік нарықтарға экспортталатын болады. Қостанай облысындағы «Qostanai Grain Industry» ЖШС жылдық қуаты 415 мың тонна астықты терең өңдеу жобасын бастады. Кәсіпорын крахмал, глютен, биоэтанол және амин қышқылдарын шығарады. Түркістан облысында да бидай мен жүгеріні терең өңдеу бойынша кәсіпорын құрылысы жүргізілуде. Ал Алматы облысында витаминдер, лимон қышқылы және биомедициналық өнімдерді өндіру жобасы іске асырылуда. Аталған жобалар 2025–2026 жылдары аяқталады деп күтілуде және астық өңдеу көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік бермек. Сонымен бірге талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашылады.
Сондай-ақ, былтыр «Dalian hesheng Holding» және «Fufeng Group» компанияларымен жүгеріні терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Яғни, бұл уағдаластықтар халықаралық инвесторлардың Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға деген қызығушылығының артқанын растап, озық технологиялар мен капитал тартудағы елдің әлеуетін көрсетеді. Мұндай жобалар шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты нығайту және әлемдік нарықтарда қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз қалайды.
Қазақстанның өңделген өнімдері Еуропалық одақ, Қытай, ТМД елдері мен Түркияны қоса алғанда, халықаралық нарықтарда сұранысқа ие болады. Тұрақты дамудың әлемдік трендтері аясында биоэтанолға, биополимерлерге, басқа да экологиялық таза өнімдерге сұраныс артып келеді. Қолжетімді шикізат базасы және инвестициялар үшін қолайлы жағдайлары бар Қазақстан осы нарықта маңызды ойыншы бола алады. Алайда, саланың толық әлеуетін іске асыру үшін бірқатар сын-қатерлерді еңсеру қажет.
Алдымен қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын салу маңызды. Тағы бір мәселе – өнім сапасын жақсартуға және өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін озық технологияларды тарту. Қорыта келгенде, халықаралық нарықтарға сәтті шығу үшін логистикалық инфрақұрылымды дамыту және экспорттық арналарды нығайтқан жөн. Сонымен бірге астықты терең өңдеуді дамыту аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындарының құрылуы, салық түсімдерінің ұлғаюы және халықтың әл-ауқатының артуы – саланы инвесторлар үшін де, жергілікті билік үшін де тартымды еді.
Қазақстан үшін стратегиялық міндеттердің бірі экономиканы әртараптандыру екенін ескере отырып, астықты терең өңдеу осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл экспорттан түсетін кірістің өсуін қамтамасыз етіп қана қоймай, елдерге сапалы шикізат жеткізуші рөлінен қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіруші мәртебесіне өтуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның әлемдік экономикалық аренадағы позициясын нығайтады.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Талдықорған қаласы