ӘСІПТІ КӘСІП, КӘСІПТІ НӘСІП ЕТКЕН

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 187
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жансүгіров ауылындағы көп балалы ана Омарова Әсем Дәулетқызы үй жағдайында шұжық дайындайды. Ол «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2024 жылдың маусым айында, мүмкіндігі шектеулі бала асырау­шысы және көп балалы отбасы ретінде, жаңа бизнес - идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК - 1476 800 теңге мемлекеттік грант алған. Бұл мәліметті аудандық Мансап орталығынан алып отыр­мыз.

Отбасылық бизнесті бастағандарына көп бола қойған жоқ. Қайтарымсыз мемлекеттік грант есебінен бүгінде үй жағдайында қой, сиыр, жылқы етінен шұжық, әсіп жасайды. Ысталған тауық еті және тағы басқа табиғи өнім түрлеріне сұраныс артып келеді. Себебі, дүкен сөресіндегіден гөрі үй жағдайындағы өнім табиғи әрі таза екенін, сапалы дүние қымбаттау болса да пайдалы екенін халық біледі. Отбасылық кәсіпті Әсем жауапкершілікпен атқаруға тырысады.

Ауданымызда жоқ кәсіпті бас-тап, грант қаражатына қажетті жабдықтарын алып, шұжық өндіріп қазіргі уақытта кәсібі өте жақсы қарқында дөңгеленіп отыр. Әйел адам үйде отырып ізденіп, үйреніп, өзін - өзі жетілдіру арқылы да жетістікке жете ала­тынын осыдан байқауға болады. Қазір аспаз жоғары сұранысқа ие шұжық пен әсіп дайындап, Әсіпті кәсіп, кәсіпті нәсіп етіп, сауда желілеріне сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.

 

Ербол СЫМХАНОВ