Өткен жылғы Қазақстанда атом электр стансысын салу жөніндегі референдумға дайындық кезеңінде мамандар мен ғалымдардың болжамы, пайым-пікірі, тұжырым біраз жұртты ойландырып тастады.
Қазіргі қарқынмен бұл бағытта қарекетсіздік жасасақ, таяу жылдары елімізде электр қуатынан тапшылық тартуымыз ғажап емес. Оған ең алдымен техника мен технологияның жылдам үрдіспен дамыған заманында көптеген фактор себеп болатын сыңайлы. Алайда бәріміз жабылып, «Салсақ, салайық» деп пәтуаласқан атом электр стансылары кем дегенде 15 жылдан кейін дайын болып, қуат тарата бастамақ. Ендеше арзан қуат көзін өндіретін басқа да мүмкіндіктерді неге іздестірмеске?! Мысалы, жел генераторларын көбейтуге болмай ма? Сол сияқты жергілікті жерлердегі табиғи ресурстарды пайдаланып, шағын су электр стансыларын салуды неге қолға алмасқа?!..
Бұл бағытта Панфилов ауданында алғашқы қадам жасалған. Қорғас өзеніне 2010-2014 жылдары салынып, 2021 жылы пайдалануға берілген «Нұр-шырақ» шағын су электр стансысы сөзіміздің дәлелі. Оған Санкт-Петербург қаласындағы «МНТОИНСЭТ» компаниясынан сатып алынған, әрқайсысының қуаттылығы 0,5 киловатты құрайтын 4 агергат орнатылған. Бұл құрылғылар Қорғас өзені ағынының орташа жылдық көрсеткіші кезінде жылына 9,85 миллион киловатт электр қуатын өндіре алады.
Жобалап айтқанда, шағын су электр стансысы толық қуатында жұмыс істегенде Қорғас өзені жағалауына орналасқан Басқұншы ауылдық округі халқын түгел және «Қорғас шегара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығын», «Нұр жолы» өткізу бекетін, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы Құрғақ айлақ, Индустриялық және Логистикалық орталықтар мен Нұркент ауылын электр қуатымен қамтамасыз етпек.
Сол сияқты Панфилов ауданында Шежін, Тышқан, Өсек, Бұрақожыр сияқты таудан бастау алатын ағысы арынды өзендерге осындай шағын су электр стансыларын салса, бүкіл аудан тұрғындары мен кәсіпорындарын жергілікті арзан қуат көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болар еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарда Шежін мен Өсек өзендерінің басына шағын су электр стансылары салынып, өңірдің бірнеше ауылын жарықпен қамтамасыз еткенін білеміз. Кейін олар қажетсіз болып, жойылған соң да бұл мәселе сонау кеңес кезеңінен айтылып, кезінде Өсек өзені басына тоғыз каскаттан тұратын су электр стансысын салудың жаңа жобасы да жасалғаны есімізде. Өкінішке қарай, Өсек өзеніне су электр стансысын салу мәселесі іске аспай-ақ қойды.
Соңғы жылдардағы өңірдегі жаз маусымында егін суаратын су тапшылығы осы аталған өзендерге тоспа салып, су қоймаларын салу жөніндегі мәселені күн тәртібіне қойып отыр. Жылдан жылға ағын судың азайюы көптен көкейде жүрген мәселелердің қолға алынуын жеделдетуде. Ендеше, су қоймасы салынған жерде электр стансысын салу, өзінен өзі сұранып тұрған оңтайлы мүмкіндік емес пе?! Сөйтіп, екі қоянды бір оқпен атудың сәті түспей ме?!
Бұл бір. Екіншіден күннің көзі шуақты, табиғаты тамаша өңірдегі «Қорғас – Шығыс қақапасы» АЭА индустриялық орталығында соңғы бірнеше жылдан бері салына бастаған өндіріс орындары қатарында «Майами Solar» ЖШС күн нұры арқылы электр қуатын өндіретін батареялар шығара бастады. Жобаның жалпы құны 1,1266 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорынға Панфилов ауданының жер қорынан «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА пайдалануға 1 гектарға жуық жер бөлген. Жобаның жылдық өнім өндіру қуаты 200 меговатт.
Нақтылап айтқанда, әрқайсысы 550 Вт 363 635 күн батареяларын шығара алады. Инвесторлар жаңа кәсіпорында жалпы 46 жұмыс орнын жасақтап, соның өндіріс ерекшелігіне сәйкес арнайы мамандыққа оқытылған 35 жергілікті азаматқа беріп отыр. Отандық нарықта сапалы өнім өндіру қуатымен өткен жылдың қорытындысында жеңімпаз атанған компания ҚР Президентінің «Озық өндірісті кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.
Бұл кәсіпорын американдық озық технологияға сәйкес ай сайын әрқайсысы 8 мегаватт электр қуатын өндіретін күн панелдерін жасауда. Бұлар өткен жылдан бастап инвесторлармен жасалған келісімшартқа сәйкес өз өнімдерін АҚШ пен Өзбекстанға жөнелтуде. Жыл соңына дейін өндірген өнімдерінен 50 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан көрінеді.
Ал енді осы кәсіпорынның өндірісін алғашқы ойымызбен сабақтастырсақ, «Шамның жарығы түбіне түспейді» демекші, жергілікті халық іргеде тұрған жаңа зауыт өнімдерінің игілігін неге көрмейді?! Отанымызда өндірілген өнімнің пайдасын қолжетімді бағада алдымен өз еліміз көргені жөн емес пе?!
Қазіргі ақпарат тасқынында айтылып жүрген деректерге сенсек, осы күн сәулесінен электр қуатын өндіретін батареялармен үйінің шатырын жауып алып, автономды қуат көзін пайдаланып отырған елді мекендер де бар көрінеді. Ал енді малшылардың күн нұрынан қуат өндіретін батареяларды сатып алып, шалғайдағы қыстаулар мен жайлауда үйін түнде жарықтандырып, күнделікті теледидарын тамашалап отырғанын көріп жүрміз.
Ендеше осы қуат көзі Жаркент өңірінің тұрғындарына, қала берді бүкіл Жетісу аймағының жұртына тиімді болар деген ойдамыз. Іргеде тұрған өндіріс орынында жасалатын арзан қуат көзін өндіретін халық «Күн төк» деп атап кеткен батареялар жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағада сатылса деген тілегіміз бар. Орындалса игі...
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы