Нарық сұранысына сай болмақ

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 237
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл  «Жұмысшы мамандықтар жылы». Осы ретте Жетісу облысында арнайы «Өңірлік жаңа мамандықтар атласы» жасалды. Құжатта негізгі  5  салаға басымдық берілген. Осыған сәйкес, өңірдің 11 колледжінде 14 мамандық бойынша жаңа бөлімдер ашылып, оған облыстық бюджеттен 488 млн. теңге қарастырылып отыр.

Бұдан былай аймақтағы оқу орындары нарық сұранысына қарай өңдеу өнеркәсібі, энергетика, ауылшаруашылығы және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларына жас мамандар даярлайтын болады.  Бүгінде облыстағы 27 колледжде 14 мыңға жуық студент білім алуда. Солардың қатарындағы Талдықорған Жетісу құрылыс-техникалық колледжінде қазіргі уақытта 419 студент оқиды. Білім ордасы 9 сала бойынша жұмысшы мамандарды дайындайды.

–  Жұмысшы мамандықтар ел экономикасын көтеруге, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептейміз. Біріншіден, Президентімізге рахмет айтамыз. Осылай жұмысшы мамандарды қолдап, осы жылды арнайы бізге арнағаны үшін. Колледжіміздегі жұмысшы мамандығында оқитын студенттеріміз де қуанышты. Сол себептен Президенттің жолдауда көрсеткен нақты бағыттары  айрықша серпін беріп отыр, – дейді Жетісу құрылыс-техникалық колледжінің директоры Санат Рамазанов.

Енді оқуын аяқтаған жас мамандар міндетті түрде өздері өтінім берген кәсіпорынға жұмысқа орналаса алады. 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы студенттердің жұмыспен қамтылу деңгейі де көтерілгенін айта кеткен жөн. Жалпы, білімгерлердің әлеуметтік қамтылуы 89,3 % құраса, оның ішінде нақты жұмыспен қамту деңгейі 65%-ға көтерілді. Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов жұмысшы мамандықтары жылы аясында бұл көрсеткішті 80%-ға дейін көтеруді жоспарлап отырғанын айтады.

Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Оны іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі – бизнес-қауымдастықтың колледждермен бірлесе жұмыс істеуі, әсіресе дуалды оқытудың Жол картасы аясында өзара іс-қимылды күшейту. Бұл бойынша 80 кәсіпорынның өтінімдері негізінде 15 колледжде 25 мамандық бойынша 876 адамды мақсатты даярлау жүзеге асырылуда, – деп атап өтті Марат Сүлейменов.

2025 жылы студенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар әрмен қарай жалғаса бермек. Өткен жылы 7 колледжге 437 миллион теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл 1 колледжге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тағы 4 колледж ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтеді. Бұл шаралар білім беру сапасын арттырып, студенттердің білім алаңсыз алуын одан әрі қолайлы етуге мүмкіндік бермек.

Медет ЖҰМАБАЙ