Жаңа технологияларды енгізуде

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 172
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған аккумулятор зауытындағы құрастыру цехының аға шебер-реттеушісі Қажымұрат Сахариев жаңа технологияларды енгізуде.

 Өз ісінің нағыз шебері атанған Қажымұрат Сахариев Талдықорғанның ең көне кәсіпорындарының бірінде 30 жылдан аса еңбек етіп келеді. Ол зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, жас мамандармен өз тәжірибесімен бөлісуде. Аккумулятор батареяларын өндіруде озық технологияларды енгізіп жүрген тәжірибелі еңбеккер әріптестері үшін үлгі.

 Биылғы жұмыс жылын да құрастыру цехындағы өндіріс желісін монтаждаудан бастады. Қажымұрат аға үшін бұл жұмыстың қызған шағы болып есептеледі. Заманауи жабдықтың үздіксіз жұмыс істеуі үшін алдымен бәрін дайындау керек. Сондықтан ол бұл істі тыңғылықты әрі сапалы орындауда ең мықты тәлімгерлерді таңдаған.

Бір кездері бізде тәжірибелі мамандар мен тәлімгерлер болған. Олардан мүмкіндігінше бәрін үйренуге тырыстық. Сіз өз ісіңізді шебер меңгеру, білу, маман болу үшін жұмысты жан-тәніңмен жақсы көріп, атқаруыңыз керек. Сонда ғана ұжымда сыйлы боласыз. Жұмыста бір орында тұралап қалмай, өндіріске бір жаңалық енгізген дұрыс. Өзіңе де, өзгелерге де жеңіл болу үшін бірдеңе ойлап табу керек. Яғни, алға қарай даму маңызды. Адам үнемі ізденісте жүру, көп білуге ұмтылу қажет. Мен үйреткен жастар да өз ісінің нағыз шебері болады деп сенемін, – дейді Қажымұрат Жанәбілұлы.

Шынында да оны бәрі бағалайды. Себебі, ол сұранысқа ие маман. Ұжымдағылардың айтуынша, кәсіпорындағы технологиялық үдерісті басқару ісінің бәрі оның қатысуынсыз өтпейді. Мұнда 1200-ден аса адам жұмыс істейді және әрқайсысы аға шебердің құнды кеңесіне мұқтаж.

Құрастыру учаскесінің бастығы Қуаныш Жанғазин: «Біз оны жібермейміз. Себебі, тәжірибелі маманның еңбегі мен  кәсіпорын жұмысына қосқан үлесін бағалаймыз. Сондай-ақ, ол жұмыс үдерістерін жетілдіруге, жақсы еңбек жағдайын ұйымдастыруға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, ол өз ісіне өте жауапты адам»,– дейді.

Қажымұрат ағаның зауытқа келгеніне 30 жылдан асыпты. Алдымен үйренуші,сосын аккумулятор батареяларын құрастырушы ретінде еңбек еткен. Сөйтіп, құрастыру цехының аға жөндеуші шеберіне көтерілген. Бүгінде ол жасына қарамастан, жұмыстағы инновациялық әдістерге қызығушылық танытып, жаңа технологияларды тәжірибеде қолдануда.

Айгүл Байжұмақызы

Фото: mail.kz-тен көрнекілікке алынды