Талдықорғанға 58 миллиард теңге инвестиция тартылған

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 220
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауыл-аймақты дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекет басшысы жүктеген басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты өткен жылы әр саланың тұрақты дамуымен қатар Талдықорған қаласына 58 миллиард теңге инвестиция тартылып, нақты өсім 4,8 пайызды құраған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, өткен 2024 жылдың 11 айында шаһардағы өнеркәсіп өндірісі 5,1 пайызға, бөлшек сауда 7,7 пайызға, ауыл шаруашылығы саласының өнім көрсеткіші 3,4 пайызға жоғарылап, қала бойынша әр салада дамудың оң үрдісі сақталған.

Міне, бұл аймақтағы қарапайым халықтың қажеті үшін білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауызсу, жол, тұрғын үй, жарық, газбен қамту мен басқа да әлеуметтік салалар және инфрақұрылымдарды жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан тың  жобалардың нәтижесі.

Нақтырақ айтқанда, бүгінде қала бойынша 15 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тіркелген. Осыған сәйкес аймақта әр жылы 2 мың адамды баспанамен қамту көзделген. Мәселен, өткен жылы тұрғын үй саласына бөлінген 37 млрд. теңге қаражат нақты игеріліп, 155 мың шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй қолданысқа берілген.

 – Қала тұрғындарын қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамту мақсатында 50-ден астам жаңа тұрғын үй бой көтереді. Бұл шамамен 150 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда шаһардағы «Құлагер» шағын ауданында 346 пәтерлік 11 несиелік және 97 жалға берілетін үйдің құрылысы және «Оңтүстік-батыс» тұрғын ауданында инженерлік желілердің құрылысы аяқталған. Аталған аумақтан  алдағы уақытта тағы 409 пәтерлі 12 несиеге, 108 пәтерлі жалға берілетін 4 тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарланған. Бұдан сырт Қаратал өзенінің оң жағалауында 952 пәтерден тұратын 20 несиеге берілетін үй мен әскерге шақыру пункті салынбақ, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы.

Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылының әкімі Руслан Ырысбекұлының айтуынша, қазір қаланың батыс бөлігінде «Жастар-3» шағын ауданы бой көтеруде. Бастабында бұл аумақтан үй салуға ниетті кезекте тұрған 500-ден астам адамға жер телімін беру көзделген. Бірақ кейін ол жерге ұзақ жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы 800-ге жуық азаматқа үй салу шешімі шығарылған. Қазір онда құрылыс жұмыстары қарқынды. Алдағы уақытта баспана кілттерінің алды табысталмақ.

 Қала әкімі Ернат Бәзілдің журналистерге берген сұхбатында келтірген дерегінше, өткен жылы қаланың «Шығыс», «Оңтүстік-Шығыс», «Көктал» шағын аудандары және 3-бөлімше тұрғын аудандарындағы 89 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, оның 14 көшесі жасалған.

Сонымен қатар қаладағы 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Талдықорғанға қарасты Өтенай ауылындағы 7 көше күрделі жөндеуден өткізіліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 17 мыңнан астам шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Бұған қоса алдағы уақытта жалпы құны 3,5 млрд. теңге болатын «Жастар-2» шағын ауданының жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ. Оған жергілікті бюджеттен әзірге 500 млн. теңге қаржы қарастырылған.

Дейтұрғанмен аймақтағы Ынтымақ ауылының тұрғындары соңғы екі жылдан бері ауылдағы көше жолдарын жөндеп беру туралы қала билігіне өз өтініштерін жеткізгенімен әлі күнге еш шешімін таппай келе жатқанын айтады.

Бұл мәселе бойынша әкімдік өткен жылы Ынтымақ ауылын жарықтандыру мен көшелерге кәріз құбырын жүргізу жұмыстары қолға алынғанын алға тартады. Жалпы 60 шақырымға жуық кәріз жүйесінің құрылысы биыл жыл соңына қарай аяқталмақ. Алталған құбыр тару жұмыстары аяқталмайынша ауыл көшелеріндегі жолды жөндеуге болмайтынын ескертті.

Аймақта халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, қала көркін арттыру да басты назарда. Бұл бағытта  тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қала көшелерін тегіс жарықтандыру көзделген. Мысалы, осыған дейін қаладағы «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын аумағында жалпы ұзындығы 1 жарым шақырымға жуық бірнеше көшені жарықтандыру жұмыстары аяқталса, «Ынтымақ» шағын ауданындағы 3,3 шақырымды құрайтын көшелердің жарық желісі жаңартылған.

Сонымен бірге тұрғын үйлердің қас беттерін әшекейлеп, қоғамдық аумақтарды абаттандыру да жүйелі жүргізілуде. Мұнда осы уақытқа дейін «Ұлан» шағын ауданындағы 5 аула толықтай абаттандырылса, биыл аталған шағын ауданда тағы 9 аулаға жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Сондай-ақ, биыл және келер жылы Еркін ауылында орналасқан бірқатар аулалар абаттандырылып, «Жұлдыз» және «Жетісу» шағын аудандарындағы 30 ауланы жөндеу жоспарда.

Жауаптылардың сөзінше, бүгінгі таңда Талдықорған қаласы бойынша  халықтың  90 пайызынан астамы табиғи газға қосылуға мүмкіндік алған. Соның ішінде 38 мыңға жуық абонент, яғни, өңірдегі тұрғындардың  69 пайызы орталықтандырылған көгілдір отынға қосылған. Соңғы уақытта екі кезең бойынша аймақтағы барлық елдімекендерді көгілдір отынмен тегіс қамту көзделген.

Атап айтқанда, бұған дейін аталған газдандыру жобасы аясында аймақтағы Пригородный ауылы, 3-ші бөлімше, Экспедиция, Үйтас саяжай алабы және «Жастар-2» шағын ауданы сынды 6 елді мекенге газ берілсе, 2024 жылдың соңына қарай Талдықорған қаласына қарасты Ынтымақ тұрғын алабы мен Мойнақ ауылы көгілдір отынға қосылған.

Енді 2025 жылдың жоспарына сәйкес алдағы уақытта қала маңындағы Алмалы, Ащыбұлақ, Мерекелік, Қызылтас, Балықты, Қаратал саяжайлары мен 1-бөлімшеге газ тарту жұмыстары қолға алынбақ. Қазіргі кезде аталмыш елді мекендерді газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, көп өтпей құбыр тарту жұмыстары басталмақ.

Ал қазір аймақта тұрғындарды таза ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайызға жеткен. Сондай-ақ, өткен жылы облыс орталындағы жол құрылысына 7,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл негізінен жолдарды күрделі жөндеу мен күтіп ұстауға бағытталған. Бөлінген қаражаттарға сай шаһардың солтүстік-батысындағы 8, 9 және «Жастар-1» шағын аудандарында 107 көшеге жол салу жоспарланып, бұрынғы жылдары оның 10 көшесі жасалса,  2004 жылы 30 көшеге жаңадан асфальт төселген. Қалған 67 көшеге жөндеу жүргізу ісі 2026 жылға қарай толық аяқталмақ.

Әкімдік өкілінің айтуынша, бүгінде Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда жоспарға сай кезең-кезеңімен атқарылып жатқан  игі істер аз емес. Жұрт қажетіне қарай аймақта жайлы мектеп, балабақша, спорттық нысандарды салу мен жаңғырту ісі еш уақытта назардан тыс қалған емес.

Мәселен, осыған дейін қалада бірнеше жаңа білім ордасы мен аурухана, және спорт ғимараттары бой көтеріп ел игілігіне берілсе, жеке азаматтардың қолдауымен бұқаралық спортты дамыту бағытында жеткен жетістіктер мен жолға қойылған жоба-жоспарлар да мол.

Биыл аймақтағы Ащыбұлақ, Алмалы, Көктем, Үйтас саяжайларымен Батыс тұрғын ауданында балалар ойын және спорт алаңдары салынса, келер жылы «Құлагер» шағын ауданында жаңа парктің ірге тасы қаланбақ. Әр нысанның жарығы мен жылу жүйесі тіпті, арық жүйелеріне де дейін баса көңіл бөлінеді.

Қазір Талдықорған қаласы аумағындағы арық жүйесінің жалпы ұзындығы 374 шақырымнан асады. 710-ға жуық арық өткелі бар. Осының барлығы суару жүйесін жетілдіруге және тұрғындардың суға деген қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған. Жыл сайын жылу жүйелері мен қазандықтар жаңартылып, заман ағымына сай жабдықталуда.

Өткен жылы 12-ші шағын ауданда қуаттылығы 49 Гкал/сағ болатын кварталдық қазандықтың құрылысы басталған. Ол іске қосылғанда төрт шағын ауданды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге  мол мүмкіндік береді.

– «Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Кешегі тоқырау жылдары тұралап, жылусыз, сусыз, жарықсыз қалған Талдықорған қаласының бүгінгі дамуырасында көңіл қуантарлық. Жеткен жетістіктерге қарайған халық куә. Бастысы еліміз аман, жеріміз тыныш болса, өңірдің өркендеуі әр азаматтың маңдай терімен келеді , – деп өз ризашылықтарын білдірді өңір тұрғындары.                                                                    

  Айдын КӘЛІМХАН