ЖАҢА ЗАУЫТТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Уақыты: 17.01.2025
Оқылды: 286
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаһан өркениетінің өзегіне айналған жасыл энергетика саласында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жаңа жобасы іске асып, Жетісу жерінде жел генераторлары мен энергия сақтау жүйелерін шығаратын жаңа зауыт бой көтереді. Жоба жасыл энергетика саласындағы жаһандық көшбасшы Envision Energy компаниясымен әріптестік аясында жүзеге асырылады. Келер жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп көзделген зауыттың құрылысы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында бастау алып, келешегі жемісті кешеннің іргетасын салу рәсімі өтті.

Аталған салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов, Envision Energy компаниясының аға вице-президенті Кейн Сюй, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисовтар сөз алып, ізгі тілектерін арнады.

Алғашқы болып сөз алған Envision Energy компаниясының аға вице-президенті Кейн Сюй көпшілікті жаңа жылмен құттықтап, аталған зауыт іргелі компанияның алтыншы ірі жобасы екенін атап өтті. Қос елдің достығы мен сан саладағы сабақтастығы арта беруін тілейтінін жеткізді. Сонымен қатар: «Біз осы игі бастама аясында «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-мен серіктестік орнатқанымызға қуаныштымыз. Саладағы озық технологияларымызға сүйене отырып, Envision Қазақстанға көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға, таза энергияны ілгерілетуге, халықаралық инвестициялар мен технологияларды тартуға қолдау көрсетеді. Бұл бастама Қазақстанның тұрақты энергетикалық болашаққа, экономикалық өсім мен инновацияларға өтуін айтарлықтай жеделдетеді», – деп атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов бұл бірегей жоба еліміздің, өңіріміздің өркендеуіне жаңаша серпін беретініне тоқталды. Сондай-ақ ол: 

 Бүгін арнайы экономикалық аймақ аумағында «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» және Envision Energy (Инвижн Энерджи) компанияларының бастамасымен жел энергетикасы қондырғыларын, электр энергиясын сақтау және жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт капсуласын салу рәсімін өткеріп тұрмыз. Бұл тарихи маңызы жоғары күн.  Аталған іс-шара «Қорғас–Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының және жалпы облыстың энергетикалық секторының инвестициялық тартымдылығын одан әрі дамыту үшін қуатты серпін береді. Компаниялардың жаңа энергетикалық жүйелер саласындағы тәжірибесін ескере отырып, біз осы жобаны іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетеміз, – деді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ аумағында құны 250 млрд. теңгені құрайтын жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы бойынша Қазақстан–Германия бірлескен жобасын іске асыру жоспарланып жатқанын айрықша атап өтті. 

«Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС мен жел генераторлары өндірісі бойынша әлемдегі үздік бестіктің қатарына кіретін Envision Energy компаниясының серіктестігімен салынатын зауытқа тартылатын инвестиция көлемі 40 миллион долларды құрайды. Оған қоса бұл Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамытуға елеулі үлес қосады. Кәсіпорында 300-ден астам жұмыс орны ашылады деп көзделсе, өндірілген өнімнің 60%-ы ішкі нарыққа бағытталып, 40%-ы Орталық Азия мен Кавказ елдеріне экспортталатын болады. Алғашқы кезеңде өндірістің қазақстандық үлесі 30% деңгейінде болса, кейін бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен 90%-ға дейін жеткізілмек.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің берген ақпарына сәйкес Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп, жаңартылатын энергетиканы белсенді түрде дамытуға ниетті. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – аталған зауыт құрылысы. Бұл кәсіпорын ұлттық деңгейде парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру бойынша мақсаттарға қол жеткізуге үлес қосады.
Жел генераторларын шығаратын зауыттың өндірістік қуаты жылына 2 ГВт. энергия өндіруге мүмкіндік беріп, жыл сайын 250 жиынтық шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, энергия жинақтау жүйелерінің өндірісі жылына 1 ГВт. сағат қуатқа ие болады, жылына 100 жиынтық шығару көзделгенін де айта кеткен жөн.

– Әлемдік алпауыт Envision Energy компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды қадам. Біз тек жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерінің өндірісін іске қосып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі бірегей технологияларды әкеліп отырмыз. Жоба импортқа тәуелділікті азайтып, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді және төмен көміртекті экономикаға көшу процесін жеделдетеді. Бұл еліміздің болашағына қосқан маңызды үлес, – деп атап өтті «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жоба «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС мен Envision Energy арасында жел генераторлары мен энергияны сақтау жүйелерін шығаратын жергілікті өндірістік кәсіпорын құру туралы қол қойылған келісімнің нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. 
Іргелі зауыттың іргетасы қаланған салтанатты сәтте еліміздің бірқатар вице-министрлері видео құттықтау жолдаса, жасыл энергетика саласындағы халықаралық дәрежедегі меймандар да тарихи сәтке тілек айтып, лебіз арнады. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Серік Нұрбеков ақ бата берді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Панфилов ауданы
Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ