Еліміз үшін тағы бір сынақ жылы болғалы тұр. Сарапшылар елдің экономикалық жағдайын жақсарту бағытында батыл реформалар жасап, тиімді басқарудың қажет екенін алға тартуда.
Елімізде биыл экономикалық өсім 4,4 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Яғни, бұл көрсеткіш инфрақұрылымдық жобалардың дамуы мен шикізат өндірудің ұлғаюына байланысты болмақ. Bes.media агенттігінің жазуынша, алдағы жылға жасалған болжамдар көңілге қонымсыз. Мәселен, өсіп жатқан қарыздар, резервтердің азаюы, экономиканың құрылымдық мәселелері сыртқы факторлардың әсерінен тереңдей түсуі мүмкін. Сарапшылар теңге бағамының бір доллар үшін 545,2-ге жетіп, инфляция 9,5 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін болжауда. Бұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 14,25 пайыз деңгейінде ұстап тұруын талап етеді.
DESHT талдау орталығының басшысы, экономист Қуаныш Жайықов мемлекеттің экономикадағы рөлін күшейтетінін болжайды. Оның пікірінше, қарапайым халық салық жүктемесінің ұлғаюы, бағаның өсуі, субсидиялардың қысқаруы, теңгенің құнсыздануы сияқты өзгерістерді сезінетін болады. Бюджет тапшылығы өскендіктен салықтар, айыппұлдар мен акциздер арқылы халықтан көбірек қаржы алынады. Ал мемлекеттік қызметкерлер мен мердігерлерге төлемдерді арттыру баяу жүруі мүмкін. Мемлекет коммуналдық қызметтер бағасын реттеуді азайтып, кейбір тауарларға субсидияларды алып тастайды. Бұл бағаның өсуіне әкеледі. Ұлттық валютаның әлсіреуі мемлекеттік бюджетке тиімдірек болмақ.
Саясаттанушы Валерий Володиннің айтуынша, үкіметтің тұрақтылығы сақталады, себебі 2024 жылы экономикалық көрсеткіштер жоспарға сай орындалған. Алайда, әлеуметтік мәселелерді шешу мен инвестицияларды тарту тиімділігі министрлер кабинетінің болашағына әсер етпек.
Экономика ғылымдарының кандидаты және ММУ Қазақстандық филиалының экономика кафедрасының орынбасары Юлия Баева экономикадағы ұлттық валюта сөзсіз құнсызданатынын және мұндағы қауіптің оның жылдам жүретінінде болып отырғанын, ал өндіруші мен экспорттаушылар үшін бұл, яғни, теңгенің әлсіреуі бәсекелестік артықшылық беретінін сөз етті.
– Қазір біз бюджеттің кіріс бөлігін арттырудың мүмкін жолдарын іздеуді көріп отырмыз. Қосымша құн салығын 16 пайызға дейін арттыру, табыс салығының прогрессивті шкаласына көшу мәселелері қаралды. Күн тәртібінде – банктер үшін корпоративтік табыс салығының өсуі болып отыр. Жаңа Салық кодексіне үлкен үміт артылады, онда салықтық әкімшілендірудің жаңа моделі көрсетіледі, – дейді Юлия Баева.
Жақында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы 2025 жылға арналған экономикалық шолуды ұсынды. АҚШ пен Еуропадағы инфляцияның төмендеуіне, сондай-ақ, Қытайдың ынталандыру шараларына байланысты әлемдік экономиканың өсу қарқыны 3,2-3,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Алайда, Қазақстан үшін 2025 жыл мұнай бағасының ықтимал төмендеуіне байланысты тұрақсыздық кезеңі болмақ.
Экономист Арман Бейсембаев та Қазақстанның экономикалық проблемалар шеңберіне түскеніне қатты алаңдаушылық білдірді. Сарапшының пікірінше, стратегиялық жоспарлаудың әлсіздігі және сыртқы факторларға тәуелділік ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ, бюджетті жылына бірнеше рет түзету де ұзақмерзімді жоспарлаудың толық жоқтығын көрсетеді.
Арман Бейсембаев сонымен бірге Ұлттық қордан қаражатты шамадан тыс жұмсау – болашаққа балта шабумен бірдей деген пікірде. Инфрақұрылым мен дамуға инвестиция салудың орнына ақша жәрдемақы, жалақы, стипендия сияқты ағымдағы шығындарға жұмсалуда. Бұған қоса, биыл Ұлттық қордан 5,3 трлн. теңге көлемінде трансферттер жоспарланған. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, оны алу жоспарланғаннан үнемі жоғары.
Бұған қоса, Ұлттық қордан бір жыл ішінде түскен барлық түсімді ғана емес, сонымен бірге барлық инвестициялық кірістер де алынып кеткен. Жоспарлаған 4,2 трлн. теңгенің орнына 6 трлн. теңге қаражат жұмсалған. Осылайша, қордағы ақшаның болжамдағыдан жылдам таусылу қаупі бар екені ескертіліп отыр.
Осыған байланысты сарапшылар да Ұлттық қордан алынатын ақша ел кірісінен жоғары болмауы керек. Ақшаны алғанның да реті болуы шарт. Сондықтан қордың ақшасы кірісіне сай алынып, қайда кетіп жатқаны туралы да есеп жасалғаны дұрыс деп есептейді.
Ал Қуаныш Жайықовтың пікірінше, бюджеттік дағдарыс Қазақстанға әлі алыс. Өйткені, Ұлттық қор, басқа да пайдаланылмаған құралдар құтқарады. Бірақ, өзін-өзі қатаң шектеуге тырысқан мемлекет бүкіл жүйенің қаншалықты сәтсіздікке ұшырағанын анықтады. Шығындар бақылаусыз өсуде, су тасқыны сияқты жоспарланбаған оқиғалар пайда болуда.
Юлия Баева Ұлттық қор активтерінің қысқаруы – мұнай өндіру көлемі мен «сұйық алтын» бағасы төмендеген кезде ғана болады деп санайды.
Арман Бейсембаев қарыздар бюджетті жабудың тиімді құралдарының бірі болып табылатынын, әсіресе Ұлттық қордың азаюы аясында екенін атап өтті. Сонымен, Мәжіліс бірқатар халықаралық банктерден 1,3 млрд. долларға қарыз алуды мақұлдаған. «Бізде қарыз жүктемесі соншалықты жоғары емес, 26-27 пайыз шамасында, бұл аз, өсіруге әлі де орын бар. Бірақ, ол жақсы емес. Біз бұл іске барған сайын батып барамыз, инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін барған сайын көп қарыз алудамыз. Бұл дұрыс емес, себебі өз күшімізбен жұмыс істей алмаймыз», – дейді экономист.
Юлия Баеваның есептеріне сәйкес, 2021 жылдан бастап республикалық бюджет шығыстарына қарыздарды өтеу мен қызмет көрсетуге бағытталған қаражаттың өсуінің жағымсыз үрдісі байқалады. Мысалы, экономиканың нақты секторына бағытталуы мүмкін шығыстарды мемлекеттік борышқа байланысты шығыстармен алмастыру орын алады», – деп түсіндіреді ол.
– 1990 жылдары Қазақстан шок терапиясынан өтті. Қазіргі Үкімет бұл жағдайды барынша болдырмауға тырысып жатыр. Бірақ, реформалардың кейінге қалуы ауыр салдарларға әкелуі мүмкін. Экономикалық шоктар – қазіргі тығырықтан шығудың міндетті бір бөлігі, – дейді экономист Арман Бейсембаев.
Сондықтан, биыл үкіметтің күш-жігері экономикасы артта қалған аймақтардағы көрсеткіштерді жақсартуға және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға бағытталатын болады деп есептейді саясаттанушы Валерий Володин. Бұл ретте инфляция тәуекелі сақталады. Яғни, бұл бағаны тұрақтандыру бойынша жаңа шараларды талап етеді. Саясаттанушының сөзінше, былтыр негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілді және экономикалық өсу тұрақты болып қала бермек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: Ұлттық банк