Ауыл шаруашылығын дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеру Мемлекет басшысы жүктеген басты міндеттердің бірі. Осыған сай кейінгі жылдары Жетісу облысының орталығындағы шаруалар табысты қызмет етіп келеді. Соның нәтижесінде былтыр Талдықорған қаласының ауыл шаруашылығы өнімі 32 млрд. теңгеге жетіп, нақты көрсеткіш 101 пайыздан асса, биыл өнім көлемін тағы арттырып, 35 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Жетісу өңірі аграрлы аймақ болғандықтан бірінші кезекте ауыл шаруашылығын дамыту мен өнім өңдеу саласына айрықша мән берілуде. Мысалға, өткен жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35 млрд теңге қаржы бөлінсе, оның 23 млрд теңгеден астамы субсидиялауға бағытталған. Ал, облыстағы егістік жер көлемі 510 мың гектардан асады. Аталған алқаптардан күзде 872 мың тонна дәнді, 195 мың тонна майлы дақыл және 266 мың тонна көкөніс, 132 мың тонна картоп жиналған. Жыл санап өңірдің төл өнімі қызылша өсіруге ден қойған диқандардың да егістік жер көлемі ұлғайып, қазіргі уақытта 14 мың гектарға жуықтаған. Осы уақытта алқаптарға егілген қант қызылшасынан 635 мың тонна, яғни, рекордтық көрсеткіште тәтті түбір жиналып, шаруалар жылды мол табыспен қорытындылаған.
Сондай-ақ, қазір аймақтағы төрт түлік мал саны да айтарлықтай өсіп 2 жарым миллион басқа жетсе, 2024-2026 жылдары салаға жалпы құны 33,2 млрд теңге болатын 31 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі күнге дейін осы инвестициялық жобаның 13-і іске қосылған. Аймақ басшыларының сөзінше, бүгінде Жетісудағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан өнім өндірісіне облыс орталығына қарасты шаруашылық құрылымдарының да қосып отырған үлесі зор.
Қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абзал Зейнулданың айтуынша, қазір Талдықорған қаласы бойынша ірілі-ұсақты 560-тан астам шаруашылық құрылымы бар. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Жыл санап аймақтағы өнім өндірісімен бірге мал санының артуы да қарқынды. Қазір қалаға қарасты шаруашылықтарда 4300-ге жуық жылқы, 28 мыңнан астам қой мен ешкі, 10 мыңға жуық сиыр, 50-ден астам түйе, 1,5 миллионға жуық құс бағып-бапталуда.
Мұндағы төрт түлік малға арналған шаппалық және жайылымдық жер көлемі 16 мың гектарға жуық. Қала әкімінің 2021 жылғы 26 сәуірдегі №210-шы Қаулысына сәйкес өңірдегі Өтенай, Еңбек, Мойнақ ауылдарына және Еркін ауылдық округіне қарасты жайылымдық жерлер 49 жылға резервке қойылған. Ал, өткен жылғы шаһар шаруаларының егін еккен жер көлемі 6 мың гектардан асады. Оның 1653 гектар алқабына арпа, бидай, жүгері, 1500-ден астам аумағына рапс, май бұршақ, тағы бір мың гектарына мал азығы, қалған бөлігіне картоп, көкөніс басқа да бақша өнімдері мен қант қызылшасы егілген. Осыған сай, жаз бойы еңбектенген диқандар күзде мол өнімге қол жеткізген. Атап айтқанда былтыр қала аумағындағы егінші халық өздеріне тиесілі дәнді дақыл алқабынан 70 мың тоннадан астам астық қамбаласа, биылғы жылы егістік жер көлемін тағы да ұлғайтып жиналатын өнім көлемін 75 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар қалаға қарасты «Жер – Ана», «Самай», «Сәпи», «Сәмен», «Нурдаулет», «Тәжірибе», «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» мен «И А и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды 8 шаруа қожалығы 150 гектар алқапқа еккен қант қызылшасынан күзде өңірдегі Ақсу, Көксу қант зауыттарына 7 мың тоннадан астам тәтті түбір өткізіп, мол өнімге қол жеткізген. Солардың бірі аймақтағы – «Самай» шаруа қожалығы.
– Осыған дейін басқа да дақылдармен қатар 20 гектар жерге қант қызылшасын егіп, әр гектардан 450 центнерден өнім алып, Көксу қант зауытына өткізіп келген едік. Өткен жылы тәтті түбір егістігінің көлемін 40 гектарға дейін ұлғайтып, өнім көлемін екі есе арттырдық. Аллаға шүкір, бұл әрине ең жоғарғы көрсеткіш. Биылғы жылы ерінбей еңбектеніп, өнімді тағы да еселесек деген үміттеміз, – дейді «Самай» қожалығының басшысы, кәсіпкер Еркінбек Сіламов.
Мамандардың мәліметінше, табысты еселеу үшін егіншілерге қажетті құрал-жабдықтардың бәрі болуы шарт. Осыған сай Талдықорғандық диқандар негізінен ауыл шаруашылығына қажетті заманауи техника мен тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағар май және су жүйелерімен толық қамтылған. Бүгінде аймақта шаруаларға тиесілі 340-қа жуық трактор, 30-дан астам комбайн, әр түрлі маркадағы 50-ге жуық жүк көлігі, 168 тырма, 67 трактор тіркемесі тағы басқа да қажетті заманауи техникалар бар. Бұған қоса өткен жылы аймақтың тауар өндірушілері 330 млн теңгеге 18 дана ауыл шаруашылық техникасын сатып алып жаңартты.
Су – тіршілік көзі, мол өнім кепілі екенін ескерсек, бүгінде қала аумағында жалпы ұзындығы 130 шақырымнан астам арық жүйесі бар. Оның 45 шақырымы темір-бетонды арықтар. Суармалы жерлерді сумен қамту бойынша жыл сайын көктемде өңірдегі «Қазсушар» кәсіпорнымен арнайы келісімшарт жасалады. Олар суармалы жерді қажетті сумен қамтамасыз етуге міндетті. Егіс алқаптарына су беру мамыр айының 15 күнінен басталып 10 қазанға дейін жалғасады. Осы аралықта судан игіліктенушілер үшін еш тапшылық жоқ. Тұқым, тыңайтқыш мәселелері алдын ала дайындалып, үкіметтен көктем, күз айларына жеткілікті деңгейде арзандатылған жанармай бөлініп келеді.
– Қазіргі уақытта шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар өткен жылы осы салаға 760 млн теңге инвестиция тартылса, ағымдағы жылы тағы 2 жоба іске асырылмақ. Соның бірі жоба құны 2 млрд теңге болатын су үнемдеу технологиясын шығартын «ЖетісуАгроКомлекс» кәсіпорны болса, екіншісі құны 1,2 млрд теңгелік Талдықорған май өндеу зауытының қайта кеңейту жобасы. Сонымен қатар былтыр аграрлық-кредиттік Коорпорациясы арқылы «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» бағдарламалары аясында қаламыздың 51 азаматына 917 млн теңге арзандатылған төмен пайызды несие берілсе, биыл тағы да шаруалардың арзандатылған несие алуына қолжетімділігін арттыру көзделген. Сол үшін жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылып, ағымдағы жылдың көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті арзандатылған дизель отынына алдын ала өтінім берілді. Осының барлығы шаруалардың қамы үшін жасалып жатқан жұмыстар, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абзал Секенұлы.
Айдын КӘЛІМХАН
Фото: country-news.kz