Бүгінгі таңда өңірдегі әрбір үй ауданның электронды картасында белгіленген.
Облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Даркен Нұржановтың айтуынша, басқарма «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» интернет-порталын жаңарту үшін облыстағы барлық елді мекеннің электрондық картасын әзірлеген. Яғни, аймаққа қарасты өңірлердегі мекенжайлар түгенделіп, үй-үйге тексеру жүргізілген.
Айта кетейік, «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» ҚР Бас прокуратурасы жариялаған мәліметтерге сәйкес қоғамдық орындардағы қылмысты барынша азайтуға мүмкіндік беретін цифрлық жоба. Әлемнің көптеген дамыған елдерінде қылмыс статистикасы арнайы электронды картада көрсетілген. Дәл осы пішінде ақпарат оңай қабылданады, оны тез алуға және қалалар мен аудандарды қауіпсіздік деңгейі бойынша салыстыруға болады.
Қазақстанда мұндай картаны жасау 2016 жылдың желтоқсан айында басталды. Бірақ, елдегі қалалар мен елді мекендер үнемі өсіп, өзгеріп, ғимараттар саны көбейіп отырды. Осыған байланысты картаны үнемі жаңартып отыру керек.
Қалай десек те елді мекендердің электронды картасының болуы логистика, көлік және туризм сияқты көптеген салада пайдалы.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Фото: znanie-courses.com.ua