Табиғи өнім тіл үйіреді

Уақыты: 05.12.2016
Оқылды: 2213
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ТӘУЕЛСІЗДІК жылдары ішінде тұрмыс-тіршілікті жақсартып, ел экономикасын өрістетуде көптеген жұмыс атқарылды. Жетісу жерінің даму деңгейінің жоғары екендігін Елбасының өзі де атап өткен болатын. Бұған жиырма бес жыл ішінде қол жеткізген толағай табыстарымыз дәлел.

ТӘТТІ ТҮБІР. Ел экономикасында ауылшаруашылығының алатын орны ерекше. Себебі ол – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, халықтың әл-ауқатының негізі болып отырған сала. Экономиканың алға басуы сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы ғана қанат жаймақ. Сондықтан бұл салаға ерекше көңіл бөлініп, қай жағынан болсын дами бастады. Оған Үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар мен қолдаулардың да оң әсері тиюде. Аталған салаға бет бұрғалы Жетісудың мақтанышына айналған қант қызылшасын өсіру қайта жаңғырды. Өлкенің төл дақылына арналған егістік алқаптары ұлғайып, көптен бері тоқтап тұрған қант зауыттарының тамырына қан жүгірді. Өнім көлемін ұлғайтуда шаруаларға жаңа ауылшаруашылығы техникаларын сатып алуға да мемлекеттен жағдайлар жасалды. Сөйтіп, өңірде қант қызылшасы көптеп өсіріле бастады. 
АПОРТ АЛМАСЫ. Кезінде Жетісу жерінің құнарлы топырағынан нәр алып, өсіп-өнген Алматының апортына тамсанбайтын адам болмаушы еді. Осы алманың тіл үйірер балдай тәтті дәмін айтпағанда, көздің жауын алатын алқызыл түсінің өзі тәбетіңді ашады. Сол жемістің соңғы жылдары мүлде азайып, жойылып кете жаздағанын да жақсы білеміз. Осыған байланысты Елбасы апорт өсіру ісінің кенжелеп қалғанын ескертіп, ел тізгінін ұстағандарға алма бағы мен бақ шаруашылығын жандандыруда қолдау көрсету керектігін тапсырған болатын. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстарға да жан біте бастады. Бақ өсірем деушілерге Үкіметтен қолдау көрсетіліп, арнайы бағдарлама да жасалды. Нәтижесінде Алматы өңірін әлемнің түкпір-түкпіріне танытқан хош иісті, дәмі тіл үйіретін апорт алмасының бау-бақшасы құлпырып, мол жемісін ұсынуда. Сөйтіп халық облыстың брендіне айналған, иісі мұрын жарып, сағындырған ежелгі апортпен де қайта қауышты. 
ДАЛА АРУЫ. Соңғы жылдары өлкеде жүгері өсіруге де ден қойыла бастады. Бұл іспен Панфилов, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарының еңбеккерлері айналысады. Жасыратыны жоқ, осыдан біраз уақыт бұрын өңір диқандары жиын-терін науқаны кезінде жүгеріні өткізуде біраз қиналатын. Осы мәселенің күрмеуін тарқатып, шаруалардың төккен терін ақтау мақсатында ел атқамінерлері бірқатар шараны қолға алды. Шүкір, нәтижесі жаман болған жоқ. Осының арқасында Жаркент крахмал-сірне зауыты іске қосылып, қазіргі кезде крахмал, сірне, глютен, жүгері майы секілді жоғары сапалы ауылшаруашылығы өнімдерін шығаруда. Қарасай ауданындағы «АзияАгроФуд» АҚ да аймақтағы ірі өндіріс орындарының бірі. Заман талабына сай жабдықталған кәсіпорын негізінен бидай дәнінен ұн өндіреді, сондай-ақ, жүгері дәнінен крахмалды ферментативті және карамельді қышқыл сірне дайындайды. Осылайша өндірістердің жаңа желісінің арқасында сапасы жағынан шетелдік өндірушілер өнімімен бәсекелесе алатын экологиялық жағынан таза өнімдер шығарылып, маңызды дақылды өркендету мақсатындағы жұмыстар жалғасып келеді.

Айгүл Байбосынова