Қазіргі таңда еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтардың тек екі пайызы ғана өңделеді. Ал 98 пайызы далада шашылып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, облысымыздағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қажетке жарату ісі бүгінгі күннің талабынан шығып отыр деп айта алмаймыз. Әрине, дамыған мемлекеттер сияқты қоқысты жүз пайыз керекке жаратып, одан өміріміз бен тіршілігімізге тиімді заттарды өндіретін уақыт та келер. Ондай мүмкіндікке жету үшін жұрт болып жұмылған жөн. Алайда біз әлі де қоқысты керекке жаратудың мәдениетті жолын қалыптастыра алмай келеміз. Сондықтан тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуден бұрын оны есепке алу, жинау, сұрыптау жолын, сондай-ақ, қауіпті қалдықтарды залалсыздандыру, жоюдың әдіс-амалын үйренгеніміз дұрыс.
Сенімді ақпарат бойынша өңіріміздегі жеті жүзден астам елді мекенде жалпы көлемі 1113,6 гектар 513 заңдастырылған күл-қоқыс үйіндісі мен полигонға жылына 850 тоннадан аса керексіз заттар тасымалданып, төгіледі. Осы тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау міндеті облыстағы 17 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мен 20 жекеменшік кәсіпорынға жүктелген. Олар 254 елді мекенді қамтиды. Демек, 50 пайыз елді мекендегі қатты тұрмыстық қалдық далада шашылып жатыр. Тіпті, медицина қалдықтарын жоюды жүзеге асыратын Іле ауданы мен Талдықорған қаласындағы «Интермед» ЖШС, қағаз қалдықтарын өңдейтін Қарасай ауданындағы «Қазақстан қағазы» АҚ, шыны сынықтарын шығаратын Іле ауданындағы «САФ» АҚ, пайдаланылған аккумуляторларды өңдеуді жүзеге асыратын Талдықорған қаласындағы «Қайнар АКБ» ЖШС-ін айтпағанның өзінде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын өндіріс орындары көп емес.
«Қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу» деген ұғымды көпшілік күл-қоқыс үйіндісі мен полигондағы үйінділер арасынан қағазын бір бөлек, пластмассасын бір бөлек, темір, ағаш, әйнегін тағы бір жаққа жинап, зауытқа тасымалдап жаңа өнім шығару деп түсінеді. Ашығын айтатын болсақ, күл-қоқыс үйіндісі мен полигондарға төгілген қоқыстарды өңдеуге болмайды. Тұрғындар тарапынан қоқыс жәшігіне жиналған қалдықты тасымалдаушы компания өкілдері сұрыптаудан өткізбей-ақ полигонға төгеді. Яғни, оның ішінде қағазы да, пластмассасы да, тамақ қалдығы да, табиғат пен адам ағзасына зиянды улы заттар да араласып жүреді. Мысалы, пластмасса шөлмекті өңдеп, сондай бұйым шығаратын шикізат алуға болады. Ал сұйық май, бензин, ауылшаруашылық немесе басқа да улы дәрі-дәрмекке құйылған пластик шөлмекті толық залалсыздандырып, сұрыптан өткізіп барып өңдеуге жөнелту керек. Полигоннан қоқыс жинап, қоқыс жәшігін ақтарып-төңкеріп нәпақасын айыратындарға ақша тапса болғаны, олардың елдің келешегімен шаруасы жоқ. Әрине, полигондарға мықты күзет қойып, адам баласын аттатпай тастауға болар еді. Онда тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін отандық зауыттардың шикізат таба алмай қиналатыны анық.
Осы тұста жеке кәсіпкер Гүлнұр Маратқызы басшылық ететін «ЭкоСервис-Арман» серіктестігінің бастамасымен Талдықорғанда түрлі қалдықты өңдейтін ірі зауыттың іске қосылғанын айта кеткен жөн. Құны 3 миллион 200 мың долларды құраған зауыт қондырғысын серіктестік өз қаржысына сатып алды. Қондырғының идеясы италияндікі болғанымен, барлық жабдығы Қытайда жасалыпты. Оны құрастыру, дайындау, іске қосу барысындағы техникалық жұмысты қытайлық мамандар атқарған.
Жоба инновациялық «Евро-4» санатты экологиялық талаптарға сай болғандықтан шикізат қалдықсыз өңделеді. Зауыт резеңке, пластик, қағаз, медициналық қалдықтар, тіпті мал өлекселерін де өңдеп, газ, қара май, солярка мен бензин, техникалық көміртегі мен жартылай кокс алады. Бұл өнімнің бәрін қайталай өндіріске қолдануға мүмкіндік мол. Тіпті өңдеуден кейінгі күйенің өзі баспахана бояуын шығаратын кәсіпорындарда сұранысқа ие. Көмірден шығатын түтін мен қалдықтар, жанғанда шығатын зиянды заттар пеш ішіндегі катализаторда, арнайы дайындалған су бассейнінде сүзіліп қалады. Өкінішке қарай, зауыт өндіріс ауқымын ұлғайту ниетінде болса да шикізат жинаудан қиындық көріп отыр.
Мүмкін, сіз: «Көшеде қоқыс үйіліп жатыр, жинап алып өңдей бермей ме? – деп ойлайтын шығарсыз. Қайталап айтайын, полигонға жетпеген қоқыстар ғана өңделіп, одан тіршілікке қолайлы дүние шығаруға болады. Сондықтан өңделетін қоқыс о бастан қатаң сұрыпталуы керек. Ол үшін әрбір тұрғын күн сайын шығатын қоқыстарды керекке жаратудың жайын, ретін білуі керек. Шетелді айтпай-ақ қоялық, қазір Астана, Алматы қаласына барсаңыз көшедегі көк, жасыл, сары, қара, сұрғылт түсті қоқыс жәшігін көресіз. Қолыңыздағы қалдық затты қай жәшікке салуды білесіз бе? Жоқ. Облыс, аудан орталықтарына ондай мәдениет әлі жете қоймады. Демек, өркениеттің көшінен әлі де алыста жүрміз. Әр ауладағы қоқыс жәшігінде сасып-шіріп, асып-төгіліп жатқан қалдықтарды тасымалдау ісі де жүйелі емес. Тәртіп бойынша, қоқыс 24 сағаттың ішінде сұрыпталуы немесе күл-қоқыс үйіндісі мен полигонға жөнелтілуі керек. Сондықтан, біріншіден, ел бойынша қоқыс тастайтын жәшіктердің әлемдік өлшеміне көшкеніміз жөн. Ол көп шығынды талап етпейді. Екіншіден, тұрғындар мен жастарға қоқысты сұрыптаудың тәртібін үйретуіміз керек. Расымен, бәрі мектеп қабырғасынан басталуы керек еді. Өкінішке қарай, мектеп бағдарламасына мұндай мұзмұн кірмей қалыпты.
Өткен жылы Қостанай облысында пластик шөлмектерді арнайы жинайтын жәшіктер сынақтан өткізіліп, жақсы нәтиже берген. Қазір ондағы тұрғындар пластик бұйымдарды арнайы орнатылған жәшіктерге тастауға әдеттеніп, зауыттарды шикізатпен қамтамасыз ету әлеуетін арттырған. Бірақ, оны өзге облыстар қолдануға құлықсыз. Биылғы қаңтардың бірінен бастап Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі мен «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңның кейбір тармақтары күшіне енді. Оның ішінде қоқысты жинау, сұрыптау, залалсыздандыруға қатысты баптар да бар. Ол талапты орындамағандарға әкімшілік жазадан қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейінгі жазалау түрлері қарастырылған. Сондықтан қоқысты көрінген жерге тастамауға әдеттеніп, қалдықты қандай қоқыс жәшігіне тастау керектігін біле жүргеніңіз артық болмайды.
Қажет АНДАС