Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жасалған жағдай негізінде несие алып, нәсібін қамдап, кәсібін дөңгеленткендердің қарасы мол-ақ. Міне, солардың атын атап, өрісті істерінің өнегелі тұстарын өңір тұрғындарына жеткізу үшін жолға шықтық. Нысанамыз – Қаратал ауданының тұрғыны Ли Агафья басқаратын «Ли А. Д.» жеке кәсіпкерлігі.
Жұмысын 1998 жылы «ЛАД» атындағы бірінші дүкенін ашудан бастаған кәсіпкер 2001 жылы жартылай дайын өнімдер өндіретін цех ашады. Сөйтіп, Алматы қаласының «Совет саудасы» техникумын үздік бітірген жас кәсіпкердің жұмысы жандана бастайды. Бұл ретте оның таңдауының осы кәсіп түріне түсуінің де өзіндік себебі бар. Ол кезде Үштөбе қаласында бұған ұқсас кәсіпорын болмауына байланысты өнімдеріне сұраныстың көп болатынын межелеген екен.
Осылайша бірнеше жылдың айналасында аудан орталығында дүкен, кафе және жартылай дайын өнімдер өндіретін өндіріс орнының жаңа ғимараты бой көтереді. Сонымен қатар, 2010 жылы кондитер өнімдерін шығаратын цехты іске қосады. Нәтижесінде аймақ тұрғындары үшін бұл орын жиі бас сұғатын қажетті нүктеге айналады.
Шаруашылық басшысы Ли Агафья бізді цехта күтіп алып, бірден жұмыс барысымен таныстырды. Кірсең шыққысыз, тәтті тағамдар исі бұрқыраған цехта бүгінде 14 адам жұмыс істеуде. Барлығы әмбебап. Мәселен, кондитерлер кухнясына бас сұққанымызда жұмысшы Шынар Смакова кекс гүлдің пішінін салып жатса, Надежда Далькова “Молочная девочка” тортын әшекейлеу жұмысын аяқтап қалыпты. Ал енді бір түкпірде Мадина Сейдахметова пешке нан жабумен айналысуда. Олардың айтуынша, мұндағы өнімдер қолмен дайындалатындықтан дәмді келеді. Мұндай тауарға тұтынушы тарапынан да сұраныс көп. Сұраныс демекші, қазірде «ЛАД» цехтарында өндірілетін кондитер және кулинария өнімдері облыстағы көптеген азық-түлік дүкендерінде сатыла бастаған.
Әңгіме барысында кәсіпкер осыдан бірер жыл бұрын «Даму Өндіріс-II» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 22 млн. теңгеге қосымша тағы жұмыс орындарын ашқанын тілге тиек етіп, жастарға кәсіпкерлікпен айналысуда батылдықтың керек екенін жеткізді.
– Бізде талантты да талапты жастар көп. Солардың бәрі бизнеске құштар. Бірақ, қолында өзіндік қомақты қаражаты болмағандықтан несие алудан қорқады. Бұл қате түсінік. Қазір кез келген уақытта аудан, қалалардағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына барып өз жоспарыңды айтуға, сол арқылы пайызы жеңілдетілген несие алып, шаруашылығыңды дамытуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Оның бұлай деуіне негіз бер. Күні кеше ғана шаруашылығын шағын несие есебінен тіктеген «Ли А. Д.» жеке кәсіпкерлігі қазір 100-ден аса адамды жұмыспен қамтуда. Сонымен бірге, дүкендерде сатылатын тауарлардың 80 пайызы отандық тауар өндірушілердің заты болғандықтан сауда орындарында арнайы «Қазақстанда жасалған» бұрыштары ұйымдастырылған. Соның арқасында кәсіпкер аудан жұртының құрметіне бөленуде.
Қаратал ауданы.