АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗЫЛША АЛҚАБЫНЫҢ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ

Уақыты: 06.04.2020
Оқылды: 1222
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктемнің екінші айына аяқ бастық. Бұл әсіресе ауыл еңбеккерлері үшін өте жауапты кез. Өйткені, төрт түлік көбейіп, өріске шығады, даласында қызу еңбек басталады. Сала мамандары да бұл уақытты тиімді өткізуге тырысуда.

Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мамандарының берген мәліметіне жүгінсек, аймақта қазір көктемгі дала жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Биыл ауылшаруашылығы дақылдарына арналған алқап көлемі ұлғайды.

Мәселен, егіс көлемі 4,9 мың гектарға көбейіп, 966,4 мың гектарды құраған. Атап өтейік, дәнді бұршақты және дақылдар – 459,5 мың гектар, дәндік жүгері – 83,4 мың гектар, күріш – 10,5 мың гектар, майлы дақылдар – 163,3 мың гектар, картоп – 39,9 мың гектар, көкөніс – 31,9 мың гектар, бақша дақылдары – 4,7 мың гектар, азықтық дақылдар – 250,9 мың гектар. Қант қызылшасына арналған алқап көлемі де ұлғайды. Мысалы, былтыр 14,0 мың гектарды құраса, биыл бұл көрсеткіш 16,1 мың гектарға жеткізілді. Бүгінгі күнде облыс бойынша 88,7 мың гектар жер жыртылып, 19,2 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары себілді.

Биыл Талдықорған өңірінің «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының тәжірибелік шаруашылық базасында жаңа инновациялық технологиялар бойынша 35 гектар алаңда қант қызылшасы мен жүгері және майбұршақ инновациялық себу жүзеге асады. Талдықорған төңірегінде қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының еншілес мекемесінің базасында қант қызылшасы, жүгері, майбұршақ дақылдарын өсіру жөнінде оқу семинарлары өтті. Сонымен бірге, 14193 гектар қант қызыл­шасының егістігіне қажетті 10833 себу бірлігін жеткізу үшін «Жетісу» ӘКК» Өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы Франция, Германия және Дания мемлекеттерінің тұқым өндірушілерімен келісімшарт жасады.

Науқандық шаруаларды атқаратын техникалардың басым бөлігі дайын. Күріш, бидай, картоп, мал азығы дақылдарын өндіру бойынша құрылған жеті сервистік дайындау орталығына көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 36 бірлік ауылшаруашылығы техникасы жеткізілді. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі көктемгі егістікті атқару үшін 19,0  мың тонна дизель отынын бөлді.

Кестеге сәйкес, сәуір айында 7300 тонна және мамыр айына 6300 тонна қарастырылған. Қазіргі таңда 2,3 мың тоннасы жеткізіліп, 400 тоннасы ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне берілді.

2020 жылғы болжамды егіс құрылымына сәйкес 233,2 мың тонна ауылшаруашылығы дақылдарының тұқымдары құйылып алынды. Күздік дақылдар тұқымы толық тексеруден өтіп, кондицияға жеткізілді және себілді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды