АМАНДЫҚ БАТАЛОВ: "ШАРУАЛАРҒА КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗЫҢЫЗДАР"

Уақыты: 03.04.2020
Оқылды: 958
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ елдегі төтенше жағдайға және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына қатысты жасаған мәлімдемесі көп көңілінен шықты. Халыққа арналған Үндеуде алдымен бүкіл әлемді жайлаған қатерлі індеттің залалын жою мақсатында іске асырылып жатқан іс-шараларға назар аударылып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға әлі де күш салынуы тиіс екендігі айтылды. Әлеуметтік мәселелер мен кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы салаларына да баса көңіл бөлінді.

Мемлекет басшысының алға қойған мақсат-міндеттерін орындауға кіріскен облыс әкімі Амандық Баталов аталған салаларға жауапты лауазымды тұлғалар мен аудан-қала әкімдерімен селекторлық жиын өткізді. Онда Президент Үндеуінде айтылған мәселелер талқыланып, сала қызметкерлеріне тапсырмалар берілді.

Амандық Ғаббасұлы: «Өздеріңізге белгілі, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеу жариялады. Мәлімдемені мұқият тыңдадым. Онда бүгінгі жағдайға байланысты қабылданып жатқан қосымша іс-шаралар туралы айтылып, тапсырмалар жүктелді. Елдің жағдайына жіті көңіл бөлінді. Осыған байланысты көрсетіліп жатқан нақты көмектер мен қолдауларды атап өткен Президент әсіресе ауылшаруашылығына, соның ішінде шаруаларға көмек қолын созу, көктемгі егіс жұмыстарын сәтті жүргізу, азық-түлік, басқа да мәселелерге қатысты ойын ашық жеткізді. Мен де бұл Үндеуде айтылған тұжырымдарға толық қосыламын. Дәл бүгінгідей уақытта Үкімет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтардың халық үшін маңызы зор. Оны шаруалар да сезінулері керек. Басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудан-қала әкімдері берілген тапсырманы уақытылы орындау үшін бірлесе жұмыс атқарулары керек», – деді.

Аймақ басшысы елдегі қауіпті індетті жою мақсатында қолға алынып отырған іс-шаралар жайын да сөз етті. Осы ретте облыс басшысы коронавирус инфекциясының кең таралу қаупін болдырмау мақсатында жергілікті тұрғындардың бетперде киіп жүруі, көпшілік жиналатын орындарға бармау, тазалық сақтау сияқты қағидаттарды бұлжытпай орындауы және мұның бәрі оларды қауіпті індеттен сақтандыру үшін қойылып отырған талаптар екенін түсіндіріп, осы мақсатта денсаулық сақтау, күш құрылымдары секілді сала мамандарының күндіз-түні қызмет етіп жүргендерін, олардың еңбегін бағалап, қолдау көрсетуге тиіс екеніміз жеткізілді.

Ал салаға жауапты қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда көпшілік орындарды жиі-жиі тазалап, санитарлық жұмыстар жүргізу қажет екенін тағы бір мәрте еске салып өтті. Аймақ басшысы аудан, қала әкімдерінен жергілікті тұрғындарды бетпердемен қамтамасыз етуде қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын сұрап білді. Әкімдер медициналық маскалардың қажетінше тігілуде екенін айтты. Белгілі болғандай, аудан-қалалардың алды жиырма, отыз мыңдай, соңы бір мың данасын қолдан тігіпті. Облыс басшысы бұл жұмыстардың тексерілетінін айтып, Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары тұрғындарының бетпердесіз жүрмеуін талап етті. Медициналық маскалармен әсіресе зейнеткерлер мен ардагерлер, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы мүшелерінің қамтамасыз етілулері тиіс екені жеткізілді.

Жиын барысында экономиканы алға жылжыту мәселесіне ден қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы 23 наурызда төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыру үшін 1 трлн.теңге бөлуді тапсырды. Оның ішінде Алматы облысына 109,2 млрд. теңге қарастырылған. Облыс басшысы осының шеңберінде 27 мыңнан аса жұмыс орындарының құрылатынын, бірнеше білім, денсаулық сақтау нысандарының салынатынын және бөлінген қаражаттың жыл соңына дейін мақсатты жұмсалуы керек екенін қадап тапсырып, осы бойынша жауапты тұлғаларға міндеттемелер жүктеді.

Мемлекет басшысының Үндеуінде ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілетіні айтылды. Олар үшін бюджеттен 70 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Ал көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Бұл, шаруалар үшін үлкен көмек. Осыны тиімді пайдаланып, жедел жұмыс жүргізу керек. Сондықтан, қарастырылып отырған қаражатты тиімді пайдаланып, шаруаларға көмек қолын созыңыздар. Барлық аудан, қала әкімдері, көктемгі егіс жұмыстарын талапқа сай өткізуге тырысыңыздар. Мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі болады, – деген Амандық Ғаббасұлы бұдан арғы сөзін қант қызылшасынан алынатын өнім көлемін арттыру бойынша жұмысты жандандыру қажет екенімен байланыстырды.

Биыл тәтті түбірге арналған алқап көлемі ұлғайды. Осыған байланысты қант зауыттары бар Ақсу, Көксу аудандарының әкімдеріне тапсырмалар берілді. Облыс бойынша ауылшаруашылығы дақылдары алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға артып, 966,5 мың гектарды құрап отыр. Сондай-ақ, облыс басшысы аймақтағы орта және ірі өндіріс орындарын іркіліссіз жұмыс істету, жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуы мен өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін азаматтардың жалақысының уақытылы төленуін қамтамасыз ету мәселесіне ден қойды. Осыған байланысты жұмысшылардың айлық жалақысын бірнеше айға кешіктіріп отырған бір-екі кәсіпорын сынға алынып, себеп-салдары сұралып, жауаптар алынды және бұл мәселенің тез арада оң шешімін табуы керек екені, жалпы қандай жағдай болсын жұмысшылар еңбек-ақысының мерзімінде төленуі тиіс екендігі талап етілді.

Көп талқысына түскен 42 500 теңге көлеміндегі көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырған Мемлекет басшысының Үндеуі одан әрі талқыланып, осы бойынша берілген тапсырмаларды жүзеге асыруда тиісті жұмыстардың атқарылатыны жеткізілді. Әсіресе дәл қазіргідей сәтте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын қамтамасыз ету, олардың бағасын тұрақтандыру мәселесі назарға алынып, бұл бағыттағы іс-шаралардың қалай жүріп жатқаны пысықталды.

Осы туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев және бірқатар аудан, қала әкімдері баяндады. Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар он тоғыз түрлі азық-түлік тауарларының тоқсан пайызы өзімізде өндіріледі. Серік Мелісұлының сөзінше, тұрақтандыру қорында 2226 тонна түрлі азық-түлік тауарлары дайындалған. Оның 912 тоннасы қазіргі кезде жергілікті жерлерге жеткізілген. Бұл өз кезегінде облыстың өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын төмендетуге мүмкіндік бермек. Өз кезегінде облыс басшысы қолға алынған шаралардың нәтижесінде бағаны тұрақтандыруда жақсы қозғалыс барын атап өтті. Дегенмен, жүргізілген талдау қорытындыларына қарағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің кейбір түрлері Ескелді, Панфилов, Ұйғыр аудандарында көтеріңкі қалыпта қалған. Осы аудандардың әкімдеріне жақын күндері жағдайды тұрақтандыру қажеттігі қатаң ескертілді.

Нәтижелі шараның тағы бірі – облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ атқарған жұмыс. Аталған мекеменің басшысы Талғат Малыбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізіміне 19 түрлі тауар кіретінін, соның 17-і біздің облыста өндірілетінін айтты. Олардың бағасын ұстап тұру үшін «Жетісу» ӘКК облыстағы ірі сауда нүктелерімен және ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен келісімшарт жасасып, соның негізінде кәсіпкерлер банк кепілдігіне айналым қаражатын ала алады. Есесіне олар халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтып, бағаны ырықтандырып ұстап тұруға тиіс. Келісімшарт бұзылған жағдайда сауда нүктелері де, ауылшаруашылығы тауар өндірушілері де салынған қаржыны қайтарулары тиіс. Бүгінгі күні осы мақсатқа облыс бюджетінен 1 млрд. теңге бөлінді. Амандық Ғаббасұлы қажет болған жағдайда қосымша тағы 1 млрд. теңге бөлінетінін айтты.

Алматы облысы – негізінен аграрлық өңір. Сондықтан, біз облысты барлық қажетті азықпен қамтамасыз етіп, қосымша қор жинақтауымыз керек. Яғни, бұрынғыдан да көп жұмыс істеуге тиіспіз. Көктемгі дала жұмыстарының барлығы өз мерзімінде жүргізіліп, ешқандай жерде босаңсуға жол берілмеуі керек. Ол үшін бізде барлық жағдай бар, қажетті көмек көрсетіліп келеді. Аудан, қала әкімдері, тиісті басқарма басшылары көктемгі дала жұмыстарының атқарылу барысын ерекше бақылауға алсын. Қант зауыттарын 600 мың тоннадай қызылшамен қамтамасыз етуіміз керек. Ал жүгерінің алқабын 82 мың гектарға жеткізуді міндеттеймін. Заманға сай агротехнологияны қолдана отырып, өнімділікті арттыруға тиіспіз, – деген аймақ басшысы аталған тауарлардың бағасын тұрақты ұстауға баса мән беру қажеттігін тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы