НАН БАҒАСЫ КӨТЕРІЛМЕЙДІ

Уақыты: 21.02.2017
Оқылды: 1465
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Азық-түлік бағасы күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе күнделікті тұтынатын нан құнының өзгеруі халыққа бірден әсер етеді. Жуырда аудандық әкімдікте нан бағасын өзек еткен жиын өтті. 

Аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков ашқан басқосуға наубайхана иелері, кәсіпкерлер қатысты.  Басты мақсат – ортақ келісім нәтижесінде нан бағасын тұрақтандыру. Жиында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Тоғжан Ибраева баяндама жасап, өз ойын білдірді. Басқосуда «Турка» ұн диірменінің басшысы Алладин Шолақ кәсіпкерлерге өз өнімін әлдеқайда төмен бағамен бере алатындығын жеткізді. Бұл өз кезегінде аталмыш диірменнің тасын өрге домалатып қана қоймай, нан бағасын сәл де болса төмендетуге ықпал етпек. Тағы бір маңызды мәселе, наубайханаларға қойылған үш тарифті электр қуатын есептегішті екі тарифті құрылғыға ауыстыру да өнімнің өзіндік құнына оң әсер етпекші. Жиынға арнайы шақырылған аудандық электр жүйелері кәсіпорнының өкілі аталмыш мәселеге қатысты өз ойын білдірді. Жиын жемісті болып, нәтижесінде І сұрыпты ұннан жасалатын  әлеуметтік маңызға ие нан бағасын түсіруге кәсіпкерлер уәде етті.


Жомарт Игіман.
Сарқан ауданы.