Бүгінде дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын отандық өндіріс орындарының қарқынды дамып келе жатқаны көңіл қуантады. Соның бірі Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылындағы «Абди Абдрахим Глобал Фарм» ЖШС фармацевтикалық компаниясы. Өткен жылы жұмысын бастаған зауыттың жылдық өнім өндіру көлемі 7 млн. қорапты құрайды. Компания басшылығы алдағы уақыттағы өндіріс көлемін 24 млн. қаптамаға арттыруды жоспарлап отыр.
Аталмыш фармацевтикалық компания GMP стандартына сәйкес экспортқа бағытталған сапалы, тиімді және қауіпсіз дәрілік заттарды өндіреді. Мұнда таблетка, капсула, құтылар шығарылады. Кәсіпорын дәрілік өсімдіктерге бай Қазақстанның дәрі-дәрмекті сырттан тасуын азайтып, фармацевтика саласының дамуын 10 пайызға арттырамыз деп отыр. Зауыт шығаратын асқазан, туберкулез ауруларына қарсы препараттар, қандағы қант құрамын төмендететін дәрілер мен жаңа антибиотиктер сапалы әрі қауіпсіз.
Серіктестік директорының өндіріс бойынша орынбасары Неслихан Гюнель:
– Біз қандай дәрі шығарсақ та оның сапасына баса мән береміз. Дәрі-дәрмек шығаратын заманауи жоғары технологиялық құрылғылар Италиядан, Оңтүстік Корея мен Түркия елдерінен сатып алынған. Біздің зауыттың қуаттылығы жылына 200 түрлі атаумен 2 млн. флакон, 1,5 млрд. таблетка мен капсула шығарады. Соңғы жылдары гастроэнтерологиялық препараттар, туберкулез бен қант деңгейін түсіретін дәрі-дәрмектер өндірудеміз. Ал алдағы уақыттың жоспарында зауытта кең, ауқымды жұмыспен 3300-ге дейін білікті маман қамтылатын болады, – дейді.
Зауыт Қазақстан мен Түркия елінің бірлескен жобасы болғанымен, мұнда жұмыс істейтін 176 адамның барлығы жергілікті тұрғындар. Қызметкерлердің орташа жалақысы 308 мың теңге. Ең бастысы, зауыт Іле ауданының көптеген тұрғынын жоғары жалақылы жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Зауыт басшылығы 2 жыл бойына жергілікті компаниялармен жұмыс істеп келсе, биылдан бастап дәрілік препараттарын экспортқа шығаруды қолға алмақ.
Іле ауданы.