НҰР-СҰЛТАНДА ЖОЛ САПАСЫН БАҚЫЛАЙТЫН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 14.06.2020
Оқылды: 1044
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанындағы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК және «Сапалы жол - Адалдық алаңы» жобалық кеңсенің бір топ қызметкерін марапаттады.

Марапатталғандардың арасында аталмыш орталықтың бас директоры Замир Сағынов, даму департаментінің директоры Дәулет Аспанбетов, сапа сараптамасы және жаңа технологиялар бөлімдерінің басшылары, HR-менеджер, сондай-ақ, орталық филиалдарының жұмысшылары болды.

Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қосқан үлесі үшін орталықтың қызметкерлеріне алғысын білдіріп, автомобиль жолдарының сапасын одан әрі арттыру бойынша жұмыста табыс тіледі.

Өткен жылдың маусым айынан бастап Агенттік Орталықпен бірлесіп «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін іске қосты, оның негізгі мақсаты автомобиль жолдары саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою және олардың сапасын арттыру болып табылатынын атап өткен жөн.

Жобалық кеңсе шеңберінде құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қоғамдық бақылау қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, орталықта ISO37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджментінің халықаралық жүйесі енгізілуде.

Агенттіктің аумақтық департаменттері қызметкерлерінің, орталық жұмысшылары мен қоғам өкілдерінің бірлескен іс-қимылының арқасында республика бойынша автомобиль жолдарының проблемалық учаскелеріне 410-нан астам бірлескен рейд ұйымдастырылды, соның нәтижесінде 800-ден астам заңбұзушылықтар анықталды және «ҚазАвтоЖол» АҚ мен әкімдіктерге тиісті ұсыныстар енгізілді, кемшіліктердің 80 пайызы жойылды.

Сапаны сараптау шеңберінде автомобиль жолдарында құрылыс-жөндеу жұмыстары барысында 860 млн.теңгеден астам сомаға сапасыз материалдарды пайдаланудың алдын алды.

Жобалық кеңсе іске қосылған сәттен бастап жалпы құны 135 млрд.теңге болатын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге сметалық құжаттамаға сараптама жүргізілді, оның нәтижелері бойынша сметаны 12,5 млрд.теңгеге көтеру фактілері анықталды және бұл кемшілік те жойылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"