ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫҢ 57 ПАЙЫЗЫ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚ

Уақыты: 21.06.2020
Оқылды: 1082
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биыл Жамбыл ауданындағы елді мекендердің автомобиль жолдарын жөндеуге 1771,3 млн.теңге бөлінген. Бұл туралы Жамбыл аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Данияровпен тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Алмас Мейрамбайұлы аудандағы жөл жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаражат жыл сайын еселеніп жатқанын айтты. Ол өз сөзінде: «Құрметті жерлестер! 2020 жылдың жоспарына сәйкес, аудандық маңызы бар және елді мекендердің арасындағы 45,2 шақырым жолды орташа жөндеуге және 26,3 мың шаршы метр автомобиль жолдарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ, жолдың қысқы күтіміне жалпы сомасы 1771,3 млн.теңге қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына 1652,1 млн.теңге, елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеуге 89,3 млн.теңге, аудан жолдарының қысқы күтіміне 30 млн.теңге  бөлініп отыр», - деді.

Тікелей эфир барысында желі қолданушылардан келіп түскен сұрақтарға да нақты жауап берілді.

Жамбыл ауданында жол жөндеу саласы бойынша "Жұмыспен қамтудың Жол картасы" бағдарламасымен 4 жоба іске қосылған. Олар:

1.Ұзынағаш ауылының көше жолдарын орташа жөндеу;
2.Жаңақұрылыс ауылының көше жолдарын орташа жөндеу;
3.Қайназар ауылының көше жолдарын орташа жөндеу;
4.Ұзынағаш ауылының көше желісін ағымдағы жөндеу.

Осы 4 жоба бойынша ауданда 266 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, олардың 50 пайзы, яғни, 133 адам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылдануда. Бүгінге дейін 97 адам Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылды. Жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа қабылдау әлі де жалғасуда.

Қорыта айтқанда, 2020 жылғы аудандық және ауыл ішіндегі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі - 57,1 пайыз. Егер аумақтарды дамыту бойынша тиісті қаржы бөлінсе, бұл көрсеткіш 79,5 пайзға жетпек.

Бақтияр АЙТАЛЫ,

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы