БҰЛ - СІЗДІҢ ӨМІРІҢІЗ! ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІНЕ МҰҚИЯТ ҚАРАҢЫЗ

Уақыты: 24.06.2020
Оқылды: 1583
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Автокөліктер жолы бірнеше түрге бөлінеді. Бағыты да әртүрлі. Мысалы, 1917 жылы елімізде небәрі 127 шақырым жол болса, елуінші жылдары республикадағы асфальт жолдардың ұзындығы 30 мың шақырымды құрапты. Ал қазіргі кезде асфальт жолдардың ұзындығы 800 миллион шақырымнан асып кетті. Тағы бір деректі де келтіре кетейік. 1931 жылы Алматы қаласында небәрі 109 автокөлік болса, оның 49-ы жеңіл, 59-ы жүк машинасы екен.

Бүгінгі айғақтың айырмасы жер мен көктей. Қазақстан автобизнес қауымдастығының өткен жылғы мәліметі бойынша, еліміздегі барлық типтегі автокөліктердің саны 4 566 198-ге жеткен. Олардың 3 755 890-ны жеңіл автокөліктер болса, 446 475-і ауыр жүкті көліктердің қатарына жататын көрінеді.

Иә, ойды ой қозғайды. Толассыз ағылған көлікте есеп жоқ. Саны көп, ал сапасы қандай десеңізші? Тағы бір дерекке тоқталсақ, отызыншы жылдары Медеу жақтан келе жатқан автокөлік жол апатына ұшырап, бір адам жазым болса керек. Сол үшін заң орындары көлік жүргізушісіне ату жазасына шешім шығарған. Ал бүгінгі жол оқиғаларын тілге тиек етсек, жағамызды ұстаймыз.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша өткен жылы елімізде 11484 жол көлік оқиғасы тіркелген. Жарақат алғандар саны – 15324, оқиға кезінде қаза тапқандар саны - 1552 адам. Комитеттің дерегіне сүйенсек, жол оқиғаларының көшін Алматы қаласы бастап тұр. Алматы облысындағы оқиға саны 1700-ге жеткен. Бұл аса қауіпті емей немене?!

Себепсіз салдар жоқ. Бүгінде көлікті кімдер жүргізбейді?! Бала да, шаға да машинаға ұмтылатын болды. Бір үйден 3-4 машинаның шығатынына да көзіміз үйренді.

Әрине, бар болған жақсы. Бірақ кім болса да жол қауіпсіздігін қатаң сақтау міндет екенін есте сақтаған жөн-ау! Осы орайда кейбір жандар автокөлікті жүргізуді білгенімен жол ережелерін, жол белгілерін толық білмейді деген ой мазалайды. Соңғы он жылдықта ел ішіндегі тас жолдардың сапасы біршама жақсарып қалды.

Менмұндалаған жол белгілерінің көрнекілігіне ешкім де кінә таға алмайды. Күн мен түннің қай мезгілінде жүрсең де, жол белгілері жарқырай көрініп, қажетті ақпаратты айтып тұрады. Тек соны жіті көзбен қадағалап, айтылған ақпартты дер кезінде орындап отырсаңыз болғаны. Айталық сіз, тіл білмесеңіз де жол белгілерін жетік меңгерсеңіз болғаны. Сонда сіз шетелде, яғни, Ресей, Франция, Италия, Германия, Америка сынды елдерде де еркін жүре аласыз. Себебі, жол белгілері «халықаралық тіл» болып саналады. Оның ережелері мен белгілері Біріккен Ұлттар Ұйымында қабылданған.

Ережеге сай жол белгілері мемлекеттік стандарттар негізінде анықталады. Бұл стандарттар бойынша, жол белгілері 7 топқа бөлінеді. 1.Ескерту белгілері, 2.Басымдық белгілері, 3.Тыйым салу белгілері, 4.Міндеттеу белгілері, 5.Ақпараттық көрсеткіш белгілері, 6.Қызмет көрсету белгілері, 7.Қосымша ақпараттар белгілері.

Әр топтың белгілері әртүрлі. Бірі оннан асса, енді бірі жиырмаға жетіп-жығылады. Тағы бір ерекшелігі кез-келген жол белгілірі 100 метр қашықтықтан анық көрінетіндей болып жарықтандырылады. Ал олардың сапасын қадағалау мен бақылауды «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» жүзеге асырады. Өткен жылы аталған мекеменің Алматы облыстық филиалының талабымен Алматы-Қапшағай автокөлік жолында 2 шақырымдық жол сызба таңбалары талапқа сай болмағандықтан қайта сызылып, жаңартылды. Сол сияқты Алматы-Қапшағай күре жолының 45-77 шақырымындағы жол белгілерінің де жаңартылғанын айта кеткеніміз жөн.

Өмірде ұсақ-түйек дейтін әңгіме жоқ. Тіршіліктің бәрі де бір-бірімен байланысты. Сондықтан, кім болсаңыз да автокөлік жүргізу үшін жауапкершіліктің тым жоғары екенін естен шығармаған абзал. Себебі, әрбір көлік жүргізушісі өзінің ғана емес, болашақтың қауіпсіздігіне де жауап береді.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА,

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының баспасөз хатшысы