ПАНДЕМИЯҒА ҚАРАМАСТАН АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Уақыты: 01.07.2020
Оқылды: 1572
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған дағдарысқа қарамастан Жетісу жеріндегі агроөнеркәсіп кешені саласындағы жағдай қалыпты. Бұл істе, әсіресе, дала төсін дүбірге бөлеп, күн-түн демей шаруа тындырып жүрген ауыл диқандарының ерен еңбектеріне оң баға беріп, айрықша атап өткен орынды. Олар адам денсаулығына қатерлі індет пен жаздың аптап ыстығына мойынсұнбастан «Нан болса ән де болады» дегенді алға тартып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бел жазбай, маңдай терлетуде. Дәл осындай жағдайда ауылшаруашылығын шатқаяқтатпай аяқтан нық тұруына септігін тигізіп, барынша үлес қосып жүрген сала мамандарының да күнделікті атқарып отырған қызметтері мақтауға лайықты жұмыс. Аталған жағдайдың бәрін ел Президенті ерекше бақылауында ұстап отыр.

Қазіргі кезде аймаққа қарасты өңірлерде жүргізіліп жатқан ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстар талапқа сай іске асырылып жатыр. Бұған Үкімет тарапынан көрсетіліп жақтан қолдаулардың да көмегі көп тиюде. Қатерлі індетке қарамастан көктемгі егіс науқаны да ойдағыдай орындалып, уақытылы аяқталды.

Мал шаруашылығындағы жағдай да тұрақты. Төрт түлік өз төлі есебінен көбейіп, өріс құлдыраңдаған қозы-лаққа толды, ауыздары көкке тиді. Соңғы жылдары ірі қара мал тұқымын асылдандыруға да ерекше мән беріліп келеді. Бұл халықты сапалы ет және сүтпен қамтамасыз етуге жол ашады. Ет пен сүттен жасалған экологиялық жағынан таза өнімдердің қазіргідей жағдайда адам ағзасына тигізер оң әсері мол.

Мал басының қыс кезінде азықтан қысылмауы үшін осы бастан қамданған абзал. Мұны білетін ауылдықтар жаз айының әр күнін тиімді пайдалануға тырысады. Сол себепті бір сәтке де тыным таппай, шабындыққа шалғы салып,  көк шөпті орып алуда. Бір сөзбен айтқанда, диқандар қатерлі індетке қарсы іс-шаралар жүріп жатқан тұста, сақтық ережелерін барынша ұстана отырып, аурудан қорғанып, шаруаларын еш кедергісіз дөңгелентуде.

Пандемия кезінде аймақта аталған сала бойынша ауқымды тірліктердің атқарылып жатқанын облыстық ауылшаруашылығы басқарамасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров қысқаша жеткізді.

Коюмчан Аванұлының айтуынша, қазіргі кезде, жасыратыны жоқ, су тапшылығы бойынша бірқатар түйінді мәселе бар көрінеді. Ол егістік алқаптарына қажетті су қорының жетпеуінен туындап отыр. Яғни, былтырғыға қарағанда, биыл су мөлшері айтарлықтай төмендеген. Бұл проблеманың түйіні біртіндеп тарқатылады деген сеніммен шаруалар бар суды үнемдеп, егістіктеріне жеткізуге тырысып, алқаптарындағы жұмысты қыздыруда.

Биыл қызылша, жүгері, көкөніс және мал азығына арналған алқаптардың көлемі ұлғайды. Бүгінгі таңда осы өнімдерді күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Зиянкестермен күрес шаралары да ретімен жалғасып жатыр.

Сөзімізге тұздық ретінде шаруалардың қатерлі індетке қарамастан өңірлерде атқарып жатқан жұмыстарын бірер мысалмен айтып өтейік. Мәселен, қазір Балқаш ауданында судың егіс алқаптарына еш кедергісіз жетуі үшін арналар тазалануда. «ПУИД-2» бағдарламасы бойынша «Тамас» ЖШС Бірлік, Береке, Бақбақты, Ақдала ауылдық округтері аумағында 7481 гектар алқаптың арналарына тазалау жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша осы аумақта 135 шақырым арна, 139 шақырым коллектор және 6720 дана гидротехникалар ауысатын болады.

Екі жыл мерзімге жоспарланған бұл ауқымды жұмыстар келесі жылдың қараша айында аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл жұмыстарға тапсырыс беруші ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті. Аталған серіктестік мамандары бүгінге дейін 74 шақырым арна, 58 шақырым коллектордың тазаланғанын айтты. Құрылыс басында 12 экскаватор, 3 бульдозер, 7 басқадай техника жұмылдырылған. Жиырмадан аса механизатор жұмыс атқаруда.

Бұл өңірде, сондай-ақ, саяқ шегірткелерді жою жұмыстары да жүріп жатыр. Өйткені, зиянкестермен күрес шараларын дер кезінде қолға алмаса шаруалар шығынға батып, еңбектері еш кетуі мүмкін. Залалсыздандыру ісіне мамандар қызу кіріскен. Саяқ шегірткеге қарсы дәрілеу жұмысына «AVIASILA» ЖШС-нің екі жеңіл ұшағы қызмет көрсетуде. Мамыр айынан бері Бақанас ауылдық округінің 500 гектар, Миялы ауылының 406 гектар, Бірлік ауылдық округінің 550 гектар, Бақбақты ауылының 550 гектар, Береке ауылдық округінің 557 гектар, Желтораңғы ауылының 696 гектар аумағына зиянкестерге қарсы дәрілеу жұмысы жүргізілді. Бүгінге дейін аудан бойынша 3259 гектар жер залалсыздандырылған. Ауылдық округтер бойынша саяқ шегіртке анықталған 3259 гектар жер пиларкинг 20 пайыз с.к (в.к) препаратымен толық өңделіп, бұл іске барлығы 195,5 л. дәрілегіш препарат жұмсалған.

Жыл өткен сайын қант қызылшасын өсіруге қызығушылығы артқан Алакөл ауданында да тындырымды тірлік көп. Оған диқандарға берілер субсидия оң әсерін тигізіп отыр. Өңірдегі 85 мың гектарға жуық егіндік жердің бүгінде 1063 гектарына тәтті түбір себілді. Жыл басынан бері 18 шаруа қожалығы қант қызылшасын егу үшін 15 миллион теңге демеуқаржыға өтінім берді. Сондай-ақ, «АСК Қазақстан», «ҚазАзот», «Қазфосфат» серіктестіктері арқылы 943 тонна минералды тыңайтқыш алынды.

Қызылшашыларға жан-жақты көмек көрсетілуде, бұдан әрі де сол қолдау жалғастырылады. Бүгінгі күні заманауи техникалар, қосалқы бөлшектер, жоғары өнімді гибридті тұқым сатып алынуда, субсидия, гербицидтер, жанармай бөліп отырмыз. Алдағы күз сол атқарылған игі істердің нәтижесін көрсетеді деп сенеміз. Мемлекет пен шаруалардың бірлесе атқарған жұмысының арқасында біз қант қызылшасын өңірдегі ең маңызды дақылдардың біріне айналдырамыз. Қызылша жинау науқанында межеленген өнім мөлшерін аламыз деген ойдамын, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Құмар Жұбаев.

Биыл егістік жұмыстарының нәтижелі әрі уақытылы аяқталуына «СДО Жағатал» ЖШС үлкен үлес қосты. Жалпы аталған серіктестікте барлығы 17 техника қызмет көрсетуде. Жанар-жағармай жеңілдік арқылы 165 теңгеден беріліпті. «Жетісу» ӘКК арқылы 1092 бірлік жоғары репродуктивті гибридтік «Игорь», «Ардан» «Тиссевин» тұқымдары сатып алынған. Соған орай биыл гектарынан 400 центнер балтамыр жиналады деп күтілуде. Алакөл өңірінің құнарлы топырағында нәрленіп өскен қант қызылшасының «қызыл қырманы» қызатын уақыт келгенде жоспардағы өнім мөлшері жиналып, өз істеріне қашанда сеніммен қарайтын шаруалардың маңдай тері ақталады деген үміт мол.

Бүгінде мамандар алма ағашын жайқалта өсіруге де айрықша көңіл бөліп келеді. Мұндай игілікті іс адам ағзасына пайдалы дәруменге бай жемісті көбейтіп, экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізетіні анық. Осы орайда Іле Алатауы ұлттық паркінде орналасқан Аюсай тау шатқалында Сиверс алма ағашының 100 көшеті отырғызылды. Оны ғалымдар жер бетіндегі барлық алма ағашының ата тегі деп атайды. Көшеттерді отырғызу акциясы Ұлттық парктерді қолдау қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Спицынның бастамасымен ұйымдастырылды. Ол бұған дейін Іле Алатауы ұлттық паркінің түрлі шатқалдарында бірқатар жаяу жүргіншілер жолы мен жаяу жүргіншілер көпірін және туристік инфрақұрылым нысандарын мемлекеттің қаражатынсыз орнатқан болатын.

Сиверс алма ағашы Іле Алатауында, Қазақстанның оңтүстігінде және шығысында бірнеше мың жылдан бері өседі. Қызыл кітапқа енген. Экологтардың пікірінше, оны сирек кездесетін түр ретінде, еліміздің символы ретінде сақтау, одан әрі жандандыру және қорғау үшін көп жұмыс атқару қажет.

Бүгінде көбіміз ұлттық паркті кәуап жеп, қыздыратын сусын ішетін жер деп түсінетінімізді мойындауымыз керек. Мұндай демалыстан соң үнемі тау боп үйілген қоқыс пен кесілген томарлардың ғана қалатынын бәріміз білеміз. Ал ұлттық паркке барудың шетелдік тәжірибесі мүлде басқа. Бұл дегеніміз, ең әуелі, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігін танып-білу, сондай-ақ жауапты экологиялық туризм, – дейді мамандар.

Ауылшаруашылығы жұмысын алға сүйреп, сақадай-сай атқару үшін адам күшінен бөлек техника қажет. Осы ретте биыл Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылдық округінен «Үш Қақпақ» атты өндірістік кооператив құрылып, жұмысын бастап кеткен болатын. Картоп өсіру бағытында құрылған бұл серіктестіктің жүгін аудан аумағындағы бірнеше ауылдық округте еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарының бірлесе көтеріп отырған жайы бар. Аталған өндірістік кооперативтің құрамындағы шаруа қожалықтары «Жетісу» ӘКК АҚ арқылы жаңа «МТЗ-82,1» маркалы 12 тракторға, ауылшаруашылығына аса қажет 32 агрегатқа қол жеткізді. Жалпы көлемі 167 миллион теңге тұратын техникалардың несиесі небары 1,5 пайызбен 10 жылға берілді.

Қазір  ауылдағы  трактор, техниканың бәрі ескірді. Басым бөлігі жарамсыз. Бұл жұмысқа кедергісін тигізеді. Сол үшін де шалғай ауылдардағы трактор, техникаларды жаңғырту – жан ауыртар, толғақты мәселенің бірі. Міне, мемлекетіміздің қолдауының, қамқорлығының арқасында өте қолайлы шарттармен жаңа тракторға, агрегаттарға ие болдық, – дейді аталған өндірістік кооперативтің төрағасы Бақыт Қуан.

Бұл кооператив биыл 60 гектардан аса картоп, 400 гектар арпа, 100 гектардан аса көпжылдық шөп өсіруді қолға алып, жұмысын сапалы жүргізуде. Картоп өсіру бағытында құрылған кооператив болғандықтан алдағы уақытта берері көп сортты тұқым арқылы картоп алқабының көлемін арттыра түспек.   

Адам денсаулығына қауіпті пандемия кезінде аймақтың түкпір-түкпірінде атқарылып жатқан жұмыстар бұдан да көп. Сондықтан, ауылшаруашылығы саласындағы істерді жандандырып, еңбек етіп жатқан диқандардың ісіне тек сәттілік тілейміз.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан