"СУҒА ЗӘРУ БОЛЫП ОТЫРМЫЗ": МҰЗДЫҚТАР ЕРІМЕЙ ҚАЛДЫ

Уақыты: 02.08.2020
Оқылды: 1122
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Судың да сұрауы бар". Атам қазақ осы тәмсілді бекер айтпаса керек. Өйткені, жыл өткен сайын дүниежүзінде судың тапшылығы орын алып, әлем жұрты үнемшілдікке бой үйрете бастады. Су тапшылығы біздің облысымызда, әсіресе Қаратал өзенінің төменгі сағасында ірге тепкен Қаратал өңірінде де айқын сезілуде. Осыған байланысты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы филиалының Қаратал өндірістік учаскесінің басшысы Бахытжан Асқарбекұлына жолығып, газет оқырмандарын мазалаған суғарым суы жайын білген едік.

– Қазіргі таңда Қаратал өзенінде су деңгейінің күрт төмендеп кетуінен егістікке су жетпей отырғаны жұртты қатты алаңдатып отыр. Бау-бақша салып, егін егумен күнелтіп отырған жұрт алаңдай бастады. Себебі, көктемде мол қаражат жұмсап, қара жерге дән сепкен шаруалар шығынға ұшырамасақ екен деп уайымдайды. 
– Жылдың басында Қаратал өзеніндегі судың деңгейі жақсы болған. Мол су болып, кідіріссіз келіп жатты. Қазір былтырғы жылмен салыстырғанда судың деңгейі күрт төмендеп кетті. Мәселен, былтыр Қараталдың арнасынан 140-160 текшеметр су ағатын, ал қазір бар болғаны 12-13 текшеметр су ғана ағып жатыр. Судың деңгейі 90 пайызға азайып кетті. Бұл жерде бір жайтты ескеруіміз керек, Қаратал ауданы судың ең соңында отыр. Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласы жоғары жақта орналасқан, олар судың 60-70 пайызын иемденіп отыр. Солардан қалған 20-30 тек-шеметр су бізге қарай ағып жатыр. Ол судың өзі бізге жете бермейді. Өйткені, жолда Бірлік, Елтай ауылдары, Көксу ауданындағы Құдірет каналы, Кеңарал ауылы бар. Судың 20-30 пайызын осы ауылдар ұстап отыр. Сол елді мекендерден өтіп, бізге келіп жаткен судың өзі жеткіліксіз. Қазіргі кезде қолда бар суды халыққа жеткіземіз деп жанталасып жатырмыз. Айталық, суғарым суын оң жақтағы магистралдық канал арқылы 5 күн бойы Көкдала ауылына жібереміз. Содан кейін үстіне 1 текше метр су қосып Кішітөбе, Ортатөбе ауылдарына жөнелтеміз. Тағы 5 күн өткен соң Үшкөмей аулына жібереміз. Сол бес күннің ішінде осы елді мекеннің шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындары бау-бақшаларын суғарып үлгеруі тиіс. Себебі, қосатын артық суымыз жоқ. 
– Баршамызға белгілі күріш дақылы суды көп қажет етеді. Жаз бойы күріш алқабында судың деңгейі түспей тұруы керек. Судың басым бөлігін күрішке жіберсек, суды аз қажет ететін дәнді дақылдар қуаңшылыққа ұшырап қалмай ма?
– Биылғы жылы күріш алқабының көлемі өсті. Былтырғы жылы 989 гектар күріш болған, биыл бізбен шаруа қожалықтары 1650 гектар жерді суландыру бойынша келісімшартқа отырды. Өзіңіз байқап отырсаңыз, күріштің көлемі екі есе өсті. Иә, күріш – суды көп қажет ететін дақыл. Өйткені жаз бойы судың ішінде тұрады. Жаз бойы біз күріш алқабындағы судың деңгейін түсірмей, бір қалыпта ұстап отыруымыз керек. Сол себепті суды аз қажет ететін дақылдарға су жетпей жатыр. Мысалы, соя, бұршақ, жүгері, жуа секілді бау-бақша еккен шаруалар қиындық көріп отыр. Қазіргі кезде қызылша мен күрішке басымдық беріп отырмыз. Осыдан соң соя, жүгері, арпаға жібереміз. Қолымыздан келгенше жұртқа су жіберіп отырмыз. Қазіргі таңда 1350 гектар күріш алқабы суғарылды. Күріш өсіп шыққанша шамамен 120-140 миллион текшеметр су кетеді. Ең аз дегенде 90 миллион текшеметр су керек. Ол егістік көлеміне байланысты. 
– Бас арықтың сыйымдылығы қанша? Суландыру жүйелеріне жөндеу жұмыстары жасалды ма?
– Бас бөгеттің су өткізетін қабілеті секундына 800 текшеметрді құрайды. Қазір 12-13 текшеметр ғана су ағып жатыр. Бас бөгеттің алды бөгелген. Егер ол суды бөгемесек, қазір бау-бақшаға келіп жатқан су да болмас еді. Бұл жағдайда секундына тек 4-5 текшеметр ғана су ағып, ол су ешкімге жетпейді. Бас бөгет 1940 жылы салынған, арада 80 жыл өтсе де күрделі жөндеу жұмыстары жасалмады. Тек биылғы жылы ғана бас бөгетке күрделі жөндеу жұмыстары жасала бастады. Бір айта кетерлігі, бұл күрделі жөндеу жұмыстары ауылшаруашылық дақылдарын суғаруға ешқандай кедергі келтірмейді. 
– Ерте көктемде Қараталда су мол болды. Қар еріп, жаңбыр жауып, су тасыды. Қараталдың арнасы толып ақты. Айтайын дегенім, сіздердің тараптан облыстық су шарушалығы басқармасына Бас бөгеттің жанынан су қоймасын жасау жөнінде мәселе көтерілді ме?
– Сауалыңыз орынды. Бұл мәселені былтырдан бері көтеріп келе жатырмыз. Қаратал ауданында су қоймасын жасайтын орын жоқ. Біздің аудан тегіс жерде орналасқан, ал су қоймасы жоғарыда, тауда болуы керек. Жоғарыдағы су жиналып, шлюздарды ашқан кезде су қарқынмен төмен қарай ағатын болуы керек. Тегіс жерге де су қоймасын жасауға болады, бірақ су жүрмейді. Сол себепті Қаратал ауданында су қоймасын жасау тиімсіз болуы мүмкін. Облыстық басқармаға «Су жетпейді, халық қиналып жатыр. Шаруа қожалықтарына су жеткізе алмай жатырмыз» деп хат жаздық. Себебі, біздің ауданда ғана емес, Ескелді, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласы да судан тапшылық көріп отыр. Көксу өзенінде де су күрт төмендеп кетті. Әйтсе де, олардың жағдайы бізге қарағанда жақсы. Біз судың аяғында отырған соң суға зәру болып отырмыз.
– Аудан халқын суғарым суымен қамтамасыз ету бағытында көршілес аудандармен келіссөздер жүргізіліп жатыр ма? Судың басым бөлігін көршілес аудандар алып отыр деп айтып қалдыңыз. 
– Әрине, су жетпейді деп қол қусырып отырғанымыз жоқ. Көксу ауданының әкімшілігімен де, су шаруашылығы мекемесімен де су мәселесі бойынша бір келісімге келдік. Қазір екі апта болды, біздің мекеменің мамандары Көксу ауданындағы су бөгетінің басына, тауға барып, күн сайын кезекшілік жасайды. Күндіз Көксу ауданының халқы бау-бақшасын суарады. Кешкі сағат сегізде біздің мұраптар суды ашып, 9 текшеметр суды Көксуға жіберіп, қалған 20-25 текшеметр суды Қараталдың арнасына бұрады. Жолда Кеңарал ауылы, Құдырет бөгеті, Тастөбе, Елтай ауылдары бар. Бас бөгетке жеткенше 10-15 текшеметр суды елді мекеннің халқы пайдаланады. Олардың алдын бөгей алмаймыз. Өйткені ол елді мекендердің жанында мыңдаған гектар егістік бар. Ол ауылдың тұрғындары да суғарым суын алуға қақысы бар. Бізге Көксудан 12-13 текшеметр су ғана келіп жатыр. Тастөбе, Бірлік, Бесағаш ауылының шаруа қожалықтары Көксу су шаруашылығы мекемесіне келісімшартқа отырып, суын алып отыр. Елтай, Сарыбұлақ ауылдарын біз суғарым суымен қамтамасыз етіп отырмыз. 
– Қаратал өзенінде судың азайып кетуіне байланысты Балқаш көліне қанша текшеметр су барып жатыр? Судың азаюы балық шаруашылығына кедергі келтірмей ме?
– Иә, Қаратал өзенінде судың күрт төмендеуінен Балқаш көліне су аз барып жатыр. Қаратал Бас бөгетінің алдын бөгеп, бар суды ұстап отырмыз. Бірақ төменгі жақта балық қорғау шаруашылығы бар, сол жақтағы су лақтыратын қашыртқы арқылы балық қырылып қалмау үшін секундына 3 текшеметр суды жіберіп жатырмыз. Төмен жақта Қараталға келіп қосылатын Тентек өзені бар, қайнарлар бар, күріштен артылған сулар бар, жалпы 10-15 текшеметр су Қараталға құйылып жатыр. 
– Үштөбе қаласына қанша су жіберіп жатырсыздар? Себебі, халықтың басым бөлігі қалада тұрады. Олар ауласындағы 5-6 сотық жерге бау-бақша өсіреді. 
– Бас арықтан Үштөбе қаласына секундына 4-5 текшеметр су жібереміз. Бес күннің ішінде Үштөбе қаласының халқы бақшаларын суғарып үлгерулері керек. Мәселен, қазір Ортатөбе ауылына су жіберіп жатырмыз. Бүгіннен бастап осы ауылдың халқы 5,5-6 текше метр су алады. Біз мамандарымызды судың басына кезекшілікке қоямыз. Егер барлық елді мекен бірдей су алатын болса, Кішітөбеге су жетпей қалады. 
Біздің аудандағы Күшік-Кәлпе магистралды каналының 70-80 пайызына лоток жүйелері салынған. Оның бір тиімділігі – 10-20 литр суыңыз да үлкен рөл ойнайды. Суды ысырап етпей, шаруа қожалықтарына жеткізе аламыз. Үштөбелік жүйе – жер каналдары суды көп қажет етеді. Мысалы, шаруа қожалықтарына 1 текшеметр су қажет, біз ол суды жіберсек, егістік алқабына жетпейді. Өйткені,  егістік  алқабы  тегіс  емес.  Арналары  төмен-де, егістік  жерлері  биікте  орнасқан.  Сондықтан  қажет 1 текшеметр судың орнына 2 текшеметр су жібереміз. Судың деңгейін көтеріп қана егістікке су жібере аламыз. Осы мәселелер шешімін тапса, мұндай су тапшылығы да болмас еді. 
– Аудан жұртшылығына не айтасыз?
– Халыққа, шаруа қожалықтарына қиын жағдайда сабырлық танытып, су тапшылығына түсіністікпен қараңыздар деп айтамын. Судың деңгейін көтеру бағытында күндіз-түні жұмыс істеп жатырмыз. Мол суымыз болса, бәріне теңдей бөліп берер едік. Қазір қолда бар 12-13 текшеметр суды ауылдарға кезекпен жіберіп жатырмыз. Елге айтарым: суды үнемдеп пайдаланыңыздар! Мысалы, жұрт түнде суды суғарады да, шлюзды ашып, бей-берекет тастап кетіп жатады. Содан түнде көшені, біреудің ауласын су алады. Сондықтан ысырапшылдық жасамай, суды үнемді пайдаланып, бау-бақшаны суғарып алғаннан кейін судың кезегінде отырған адамға табыстау керек. Болмаса, біздің мекеменің мамандарына хабарласып, суды дер кезінде жабу керек. Қазір халық судың қадірін түсіне бастады. Су жоқ, су шаруашылығы мекемесі бізге су бермей жатыр деп байбалам салуда. Біз қолымыздан келгенше жағдайды айтып, түсіндіріп жатырмыз. Көксу ауданының су шаруашылығы мекемесімен қоян-қолтық жұмыс жасап, «Бізге суды көбейтіп беріңіздер» деп өтініш білдірдік. Ауа райына да қарап отырмыз. Келер аптада 29-30 градус ыстық болса, мұздықтар еріп, судың деңгейі көтеріледі. Түн салқын болуы себепті мұздықтар ерімей қалды. Егер мұздықтар ерісе, былтырғы деңгейге жетерміз деп отырмыз. Осының өзі бізге үлкен көмек болар еді. 
– Әңгімеңізге рақмет! Суғарым суы әрбір егістікке жетіп, жерден алатын өніміміз мол болсын!

Әңгімелескен Асхат ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы.