ПАНФИЛОВ АУДАНЫНЫҢ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫ "ДАЛА АРУЫН" ЖИНАУҒА КІРІСТІ

Уақыты: 29.09.2020
Оқылды: 1053
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Панфилов ауданында жүгері жинау науқаны басталды.

Биыл алқапты өңірде құрғақшылық болса да, өткен жылғыдан 124 гектарға артық өнім жиналмақ. Панфилов ауданы әкімдігінің хабарлауынша, өңірде 70 гектар алқап күйіп кеткен. Алайда диқандар бүгінде әр гектарынан 64,1 центнер жүгері алуды жоспарлап отыр. Жалпы шаруалар 26059 гектар алқаптан 167,3 тонна сары дақылды қоймаға баспақ.

- Биылғы жылы пандемияның диқандарға кері әсері болмады. Өйткені, мемлекеттік бағдарламамен жеңілдік тоқтаған жоқ. Керісінше, шаруа қожалықтарына жақсы қолдау көрсетілді. Ауданға 380 тонна дизель отыны беріліп, төмен бағамен сатылды, - дейді Панфилов аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев 

Жыл басынан бүгінге дейін ауылшаруашылық саласына 1 млрд.20 млн.теңгеге инвестиция тартылып, 48 дана техника сатып алынған. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы 5 шаура қожалығы жеңілдікпен 305 млн.955 мың теңгенің несиесін алса, 44 жеке серіктестік иелеріне 142,4 млн.соманың жеңілдігімен қаржылай қолдау көрсетілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"