ҮКІМЕТ: ҚАЗАҚСТАН БОЙЫНША КИНОТЕАТРЛАР ҚАЙТАДАН АШЫЛАДЫ

Уақыты: 19.10.2020
Оқылды: 1160
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ басшылығымен селекторлық кеңес өтті. Онда коронавирус індетінің алдын алу мәселесі қаралды.

Кеңес барысында Үкімет басшысы: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің алдын алу мақсатында бірқатар тапсырма берді. Атап айтсақ, халық арасындағы түсіндірме жұмыстарын күшейту, коронавирусты тестілеуді арттыру және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, шегара өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту жұмыстарын тапсырды», – дей келе, әлемде және Қазақстанмен қатынасы бар мемлекеттерде кеселдің таралуы бойынша жағдайдың тұрақсыз екендігін жеткізді.

Қазақстанда өзге елдерге қарағанда жағдай тұрақты болса да, індеттің алдын алу мақсатында жұмыла жұмыс істеп, нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, 26 қазаннан бастап шетелдердегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, шетелге ұшатын әуе рейстерінің санын қысқарту керектігін алға тартты. Қазақстан аумағына келгендердің барлығын вирусты анықтайтын тестілеуден өту керектігін ескертті.

Шара барысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы Денсаулық сақтау министрі А.Цой, зертханалық қызметтер мен жеке қорғану құралдарының баға саясатына мониторинг жүргізу жұмысы туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы С.Жұманғарин, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау туралы Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, ақпараттық-түсіндіру жұмысы туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева баяндама жасады.

Бұл мәселелер бойынша Асқар Мамин әр аймақ басшыларына бірқатар тапсырма беріп, бетперде тағу мен арақашықтық сақтауды қатаң бақылауға алу керектігін ескертті. Сонымен қатар, жиі мониторинг жасап отыру тапсырылды. 24 қазаннан бастап, сенбі күндері сағат 17.00-ге дейін сауда үйлері, жабық базарлар жұмыс істей бастайды. Ал 26 қазаннан бастап кинотеатрлар қашықтықты және бетперде тағу режимін сақтай отырып, қызметкерлер саны 30 пайыздан аспауы қадағаланып, қайтадан ашылады.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов көтерілген мәселелер бойынша орынбасарлары мен жауапты мамандарға нақты тапсырмалар  жүктеді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан