ҚАПШАҒАЙДА КҮННЕН ЭНЕРГИЯ ТАРАТАТЫН ЕКІ НЫСАН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 27.10.2020
Оқылды: 1155
Бөлім: ЭКОНОМИКА

"Алматы облысында қуаты 3 МВт «Қапшағай» және қуаты 4,95 МВт «Сарыбұлақ» күн электр стансалары пайдалануға берілді. Екі КЭС-тің (Күн электр стансасы) жылдық болжамды өндірісі 14,1 млн.кВт/сағ құрайды. Жаңа генерация объектілері құрылысының инвесторы және бас мердігері - «Хевел» компаниялар тобының құрылымдары", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қапшағай қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, жаңа күн электр стансалары күнді бақылау жүйелерімен жабдықталған. Трекер қондырғылары күннің қайда орналасқанын бақылайды және автоматты түрде күн модульдерінің тиімді бағытын қамтамасыз етеді. Осылайша, электр энергиясын өндіру фотоэлектрлік жүйенің статикалық орналасу әдісімен салыстырғанда орта есеппен 20-25 пайызға артады.

Екі күн стансаларының жылдық болжамды өндірісі 14,1 млн кВт/сағ, бұл атмосфераға шығатын CO2 шығарындының 7,5 мың тоннасын болдырмауға мүмкіндік береді. Барлық электр энергиясы Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне түсетін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"