ҚАСКЕЛЕҢДЕ САЛЫНҒАНЫНА 85 ЖЫЛ БОЛҒАН КӨНЕ АУРУХАНА ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 1786
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевқа іргетасы 1935 жылы қаланған көне аурухананы жаңадан салуды ұсынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен ауданның жетістіктерімен таныстырған баяндамашы ауылдық округтер мен аудан орталығында салынуы тиіс нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, күрделі жөндеу жасауға, емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларды жаңадан салуға қажетті қаржы мөлшерін таныстырды.

Атап айтар болсақ, Қарасай ауданының Қошмамбет ауылынан 600 орынды жаңа мектепке қажетті жер телімін алуға 15 миллион теңге, жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 55 миллион теңге, Қаскелең қаласындағы «Сәукеле» және «Южный» ықшамаудандарына салынатын мектептің жерін сатып алуға 217 миллион теңге, іргетасы 1990 жылы құрылған В.Белинский атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 978 миллион теңге, Бірінші май ауылындағы орта мектеп ғимаратын қайта қалпына келтіру және сейсмикалық күшейту жұмыстарына 469,6 миллион теңге, мектебі жоқ елді мекендер мен саяжайлардың оқушыларын тасымалдауға 19 автобус сатып алу үшін 229 миллион теңге қажет.

Одан бөлек, денсаулық сақтау, құрылыс, ауызсу, жол сынды аса маңызды салалардың қажеттілігін таныстырған Жандарбек Далабаев керекті қаржыны сұрады. Мысалы, Қаскелең қаласында 1974 жылы салынған 500 адамдық ауруханаға бүгін күніне 1500 адам келеді. Одан артық адамды қабылдауға мүмкіндігі шектеулі.

Осыған байланысты 1 мың келушіге арналған емханасы бар және 200 орынды стационардың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 294 миллион теңге бөлуді сұраған аудан әкімінің сөзіне Амандық Баталов іргетасы 1935 жылы қаланған аудандық жұқпалы аурулар ауруханасын жаңадан салуды ұсынды. Оған қажетті қаржыны бөлуді жауапты мамандарға тапсырды.

Одан соң Абай және Кемертоған ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 30 миллион теңге, Үштерек, Қайнар, Тұрар, Қаратөбе ауылдарынан 4 дәрігерлік амбулаторияның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 52,0 миллион теңге, Жібек жолы бекетінің ауылдық ауруханасына сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 15 миллион теңге, Ұмтыл селолық округіндегі Мерей дәрігерлік амбулаториясының ескі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге керекті жобалық-сметалық құжаттамаға 10,5 миллион теңге беруді ескерткен облыс әкімі Қарасай ауданындағы Жандосов ауылдық округі әкімдігінің, Іргелі ауылдық округі әкімдігінің, Қаскелең қаласы әкімдігінің, Шамалған ауылдық округі әкімдігінің ғимараттарын және кейбір учаскелік полиция бекеттерін салуға қажетті қаржыны бөлуді жіті қадағалауды тапсырды.

Тыңдау шарасында Қаскелең қаласының кәріз жүйесінің магистралды желілерін салу және қайта жаңғыртуға техника-экономикалық негіздеме әзірлеу үшін 32,6 миллион теңге, Көлащы және Жібек жолы бекеті сынды екі елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ететін жүйенің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 45,5 миллион теңге, Қырғауылды ауылының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін су ұңғымасы мен трансформаторлық подстанциясын сатып алуға 125 миллион теңге, «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінің кәріз сорғы жүйесін орталық кәріз жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 19 миллион теңге, Шамалған ауылындағы кәріз жүйесін жаңарту мен заманауи кәріз тазартқыш стансысын салудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 36,8 миллион теңге берілетін болды.

Аймақтағы алып шаһар Алматының іргесіндегі Қарасай ауданындағы ескірген ғимараттар мен жаңадан салынатын нысандардың құрылысы мен жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға қажетті қаржы осылайша тоқтаусыз берілетін болды. Оған жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына тапсырма жүктеген облыс әкімі Амандық Баталов аудан басшысына қажетті жұмысты жүргізуге жауапкершілікпен қарауды ескертті. Бұл да болса өңірдегі жұмыссыздықтың мөлшерін азайтып, жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мұқтаждығын жоюға септігін тигізеді деп сенеміз.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы